"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Дін

ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. «Деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.

Діннің атын жамылған жат ағымдардың (топтардың) мүшелері діни сауаты төмен. Әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз орталарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, санасын улап, жат идеологиясын таратады. Мұндай түрлі жат ағымдардың  жетегіне ерген жас азаматтарымыз өз балаларына тиісті медициналық екпе салдырудан, тексеруден бас тартып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өздеріне қол салып, әртүрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жататындарын жоққа шығаруға болмайды.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау – заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

Досхан Бегімбетов,

«Хромтау аудандық дін істері орталығы» КММ басшысы

ПІКІР ЖАЗУ