"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

ДОПТЫ ХОККЕЙДІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Хромтау қаласының мұз айдынында допты хоккейден аудан біріншілігі өтті.
Спорттың бұл түрінен аудан құрамасында республикалық деңгейде жоғары дәрежеде ойнап жүрген ойыншыларымыз аз емес. Талай рет ел біріншілігінде топ жарған тау-кен жоғары колледжінің құрамасы — аудан жастары үшін үлгі боларлық команда. Сондықтан біріншілікке бұл спорттың таңдалуы кездейсоқтық емес.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов қатысушыларға сәттілік тілеп, қысқы спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша спортшы мен жаттықтырушыға алғыс айтты.
— Жалпы спорттың қай түрі болмасын кең етек жайып, дамуына қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Өйткені бұқаралық спорт — ұлт денсаулығының кепілі және абыройы. Себебі әлемдік аренада ту көтерер бірден-бір ашық алаң — осы спорт түрлері. Ал ауданымызда абыройлы спортшылар аз емес. Әсіресе допты хоккейден топ жарып жүрген саңлақтарымыз біздің ғана емес, дүйім жұрттың мақтанышы, — деді ол.
Біріншілікке Қызылсу, Дөң, Бөгетсай ауылдарының құрамаларынан бөлек, Хромтау қаласынан бірнеше команда бақ сынады. Жарыс барысында спортшылардың мұз айдынының сапасына көңілдері толды.
Хоккей алаңы — аудан құрамасының оқу-жаттығу жиынын өткізетін басты хоккей нысаны. Барлық талапқа сай жасалған мұз алаңын күтіп ұстау міндеті аудандық допты хоккей федерациясына жүктелген.
Жарыстың шымылдығын топтық кезең ойындары ашты. Алғашқы ойын Қызылсу мен Дөң ауылдарының құрамалары арасында өтті. Мұз айдынына шыққан допты хоккейшілер арасында шеберлігімен көзге түскендер аз болмады. Финалдық ойынға бергісіз матчта Қызылсу құрамасы жеңіспен бастап, чемпиондықтың алғышарттарын орындап үлгерді.
Жарыс қорытындысына келсек, жекелей сында көзге түсіп, үздік атанғандар қатарында үш ойыншы ерекше аталып өтті. Олар — «Үздік қақпашы» номинациясы бойынша Асылбек Күйжарықов, «Үздік қорғаушы» атанған Талғат Құрманғалиев, мергендік танытқан Нұрсұлтан Мырзалин «Үздік шабуылшы» атанды. Ал командалық бәсекеде жүлделі үшінші орынды «Қызылсу-2» құрамасы, ал екінші орынды «Бөгетсай» құрамасы иемденсе, бас жүлдені «Қызылсу» құрамасы жеңіп алды.
Доданың марапаттау рәсімінде ардагер спортшылар, ұйымдастыру алқасы мен допты хоккей федерациясының ұжымы төбе көрсетті. Арнайы шақырылған қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы саңлақтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ федерация басшылығы Қажымұқан және Амансерік Ұстабаевтар спортшыларға арнайы хоккей таяғы мен коньки қайрайтын құрылғыны сыйға тартты. Жарыстың жабылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Санжар Жайлыбай жарыс ережелері мен ұйымдастыру шаралары бойынша толықтай ақпарат бере отырып, біріншіліктің дәстүрлі форматқа ауысатынын айтты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ