"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Экономика

БАҒА ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарына сауда үстемесін сақтау бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімі аптасына екі рет мониторинг жүргізіп, баға тұрақтылығының сақталуын бақылап отырады. Мониторингтік топтың жұмысы туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлиасқар Отарбайдан сұрап білген едік.

— Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізу жөніндегі мониторингтік топқа аудан әкімінің орынбасары жетекшілік етеді. Ал оның құрамына аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және келісім бойынша аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры, аудандық полиция бөлімінің өкілі кіреді. Мониторингтік топ өз кезегінде дүкендер мен саудар орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жасап, кәсіпкерлердің сауда үстемесін 15 пайыздан асырмауын қадағалайды, — дейді Әлиасқар Отарбай.

Сала басшысы өз сөзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және мониторингтік топтың жұмысына да тоқталды.

— Хромтау қаласы бойынша нан бағасын төмендету мақсатында облыстың тұрақтандыру қорынан былтыр 40 тонна көлемінде, оның ішінде желтоқсан айында 10 тонна арзандатылған ұн сатып алынып, нәтижесінде қаладағы он азық-түлік дүкенінде нан бағасы 90 теңге көлемінде сатылымға шықты. Тұрғындарға арзандатылған нанды қолжетімді ету үшін қаланың әр бөлігінен бір дүкенге әлеуметтік өнім жеткізіліп отырды. Бұл жұмыстар биыл да жүзеге асырылуда. Облыстың тұрақтандыру қорынан алынған ұннан дайындалған қазіргі таңда нан 100 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар мониторингтік топтың жұмысының нәтижесінде Хромтау қаласында орналасқан екі дүкенде сауда үстемесі 15 пайыздан асырғаны анықталып, аталған екі дүкенге шара қолдану үшін Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілді. Сондай-ақ, мониторингтік топ Хромтау қаласы бойынша барлық сауда нысандарына, 85 азық-түлік дүкеніне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолданылатын сауда үстемесін мөлшерінен асырмау керектігі жөнінде хабарламалар таратты. Аталған хабарламалар негізінде аудан орталығындағы бөлшек сауда нысандарына, оның ішінде ірі сауда орындары, үй жанындағы дүкендер және ауылдық округтер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жүргізіп келеді, — деді ол.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!!!

Хромтау қаласындағы өңірлік тұрақтандыру қорының ықпалымен нанды 100 теңгеден сатып отырған 10 азық-түлік дүкені мен мекен жайларын назарларыңызға ұсынамыз.

— «Ауыл аманаты» дүкені, М.Әуезов көшесі, 14 д;
— «22» шағын маркеті, Республика көшесі, 17а;
— «Марат» дүкені, Әйтеке би көшесі, 46;
— «Арман» дүкені, М.Әуезов көшесі, 3;
— «Нұрсәт» дүкені, Д.Беркімбаев көшесі, 29;
— «Альтаир» дүкені, Республика көшесі, 11;
— «Керуен» дүкені, Қ.Омаров көшесі, 7;
— «Тұлпар» дүкені, Л.Чайкина көшесі, 6;
— «Сапа» дүкені, ағайынды Жұбановтар көшесі, 24б;
— «Айназ» дүкені, Есет батыр көшесі, 7а.

Естеріңізге саламыз, мониторингтік топ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына айына бір рет мониторинг жүргізсе, аудандық кәсіпкерлік бөлімі аптасына екі рет рейдтік тексеріске шығады.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ