"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ЕҢБЕК — БЕРЕКЕНІҢ КІЛТІ

Қызу еңбек арасында жүрген шаруа адамы қандай да болсын құрметке лайық. Өскелең ұрпаққа сәулелі ғұмыры үлгі-өнеге болсын, қарапайым еңбек адамдарының бейнесін ашу, табан ет, маңдай тердің қадірін ұғындыру мақсатында біз газетімізде бұған дейін де осы бағытта бірнеше мақала жариялаған болатынбыз. Бүгінгі кейіпкеріміз — Сертай Сембайұлы.  

— Әңгімемізді Сіз жүріп өткен жолдан бастасақ…

— Әр адамның өмірі тарамдалған жол секілді сан қилы. Адам баласының өмірі өлшеулі. Сол өтпелі уақыт аралығындағы тағдыр тауқыметі тау жоталарынан тарамдалған сүрлеу жол тәрізді. Өткен шаққа көз жүгіртіп, өзім туралы айтсам, 1966 жылы 25 мамырда Ойсылқара ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Бір қызығы ауыл екі жер-су атымен аталатын. Негізгі саласы — мал шаруашылығы, егін салу, бақша егу. Мен туған ауылдағы кітапхана, медициналық пункт Жамбыл атындағы кеңшарға бекітілген. Одан бөлек әкімдік, сегіз жылдық мектеп те бар. Ауылымыздың іргесінде ағып жатқан өзен Ойсылқара деп аталады. Біз отбасында сегіз ағайындымыз. Мен үйдің ортаншысымын. 1973 жылы ауылдағы сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттадым. Оқуда үздік болдым. Мектепті аяқтағаннан соң 1981-1983 жылдары көрші ауылдағы нағашы әжемнің үйінде жатып Қопа орта мектебінде тоғызыншы сыныпты жалғастырдым. Нағашы әжем  небір қиын-қыстау заманды басынан өткерген кезең туралы баяндап, мені жыр, дастан, қисса, аңыз әңгімелерімен сусындатып, құлақ құрышын қандыратын. Онжылдықты бітірген бойда, яғни Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. 1984 -1986 жылдары Германия Демократикалық Республикасының Майсен қаласында әскери борышымды өтеп, аға сержант, взвод командирінің орынбасары әскери шенін алып, елге оралдым. 1988 жылы үйленіп, отбасылы болдым. Жарым Ләззатпен бірге үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір екеуі тұрмыста, өрісіміз кеңейіп, бес жиеннің ата-әжесі атандық. Кенже қызым Әл-Фараби атындағы университеттің екінші курс студенті.

— Еңбекке қанша жастан араластыңыз?  

— Әкем түрлі салада еңбек атқарған момын, қарапайым жан болды. Анам да үй шаруасындағы адам, өте тазайын, істеген ісіне адал, бала тәрбиесіне қатты жан еді. Жетінші сыныпты бітіретін жылы әкем 42 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бар ауыртпалық анамызға артылып қала берді. Асыраушысынан айырылған анамыз бала-шаға қамы үшін күн-түн демей қара жұмысты атқарды. Ол кездегі ауыл тіршілігі жылдың төрт мезгілінде қарбалас кезектесіп келіп тұратын. Мен де оныншы сыныпты бітіргеннен бастап еңбекке араластым. Одан әскерге барып келгеннен кейін шопан таяғын қолына алған анама көмекші болдым. Анам зейнетке шыққанша көмекшісі болып, кейін үш жыл сол ата кәсіпті жалғастырып, әр саулықтан, жүзінен жүз жиырма бас төл алғаным үшін марапатталып, шопандар арасында аудан бойынша үшінші орындағы жеңімпаз болдым. Сол еңбегім үшін кезектен тыс жеңіл көлік сыйлады. Келесі жылы обылыстық жетінші    мал шаруашылығы слетінде «жас шопан иесі» деп танылып, «урал» мотоциклі мен он төрт әдеби кітапты сыйға алдым. Одан кейін 1992 жылдардан бастап шөп шабу ұжымының есепшісі, қойма меңгерушісі, құрылыс саласында есепші, мектепте шаруашылық меңгерушісі болып, әр түрлі салада қызмет атқардым.

— Өмірде көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз көп. Мал шаруашылығы — ата кәсіп. Қандай қиындықтар,қызықты сәттер есіңізде қалды?

— Алғаш шопан болып еңбекке араласқанымда, қойжаюды да білмеппін. Күзде «өрістету керек» дегенге кешке дейін қуалай беріппін. Кештетіп қоралап жатсам, көрші ауылдан келген ағам отарға бір, маған бір қарап, «мынаның ішінде пышаққа ілінері жоқ, төл де болмайды» деп, «қой көрмеген, қуалап жүріп өлтіреді» деген мақалды маған «теліп», келеке етті. Кейін қой бағу жайын айтып, тәжірибесімен бөлісті.

Мал шаруашылығы — өте ауыр сала. Жыл он екі ай демалыссыз, жаздың ыстығы, күздің үскірік аязы, қыстың гуілдеп соққан бораны, көктемнің жауын-шашынына төтеп беру, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтылмаса керек.

— Әскердегі өмір, ондағы жиі еске оралар шақтарға тоқталсаңыз…

— Әкем ерте дүние салып, бар ауыртпалық анамызға жүк болып артылғанын көзбен көріп өскен мен де ерте еңбекке араластым. Әскерде қызықты кездер көп болды. Соның ішінде ең қатты қуанған кезім әлі есімде. Әскерге алғаш барған кезім, үш ай бойы үйден хабар болмай, ойым сан-саққа кетіп, екі көзім төрт болып, сағынышпен хабар күтіп жүрдім. Содан қасымдағы украин жігіт конверттің сыртын өзі толтырып, таңбалы (печатный) етіп жазып берді. Мен жазған хаттарымды соған салып жолдадым. Арадан он бес күн өткен шамада анамнан жауап келді. Сондағы қуанышым мен сағынышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәт, сол қуаныш әлі күнге есімнен кетпейді.  

— Кейін түрлі салада еңбек еттіңіз. Кәсіби жетіліп, мол тәжірибе жинақтадыңыз…  

— Есіме бір оқиғаның түсіп отырғаны. Бірде мектеп директоры мектепке жөндеу жұмыстары кезінде мектепті сырлау үшін Хромтауға бояу әкелуге жіберді. Мекенжай бойынша айтқан жерге келсем, денелі, бұйра шашты ағай сурет салып отыр екен. Саулық сұрасып, келген шаруамды айттым. «Жақсы. Қазір мен Самалға барып келемін» деп кетіп қалды. Мен ұзақ отырып, әлгі кісі келмегесін кейін кеттім. Келесі күні ерте барсам, әлгі ағам тағы да «Қазір Самалға барып келемін» деп жоқ болды. Ауылға келіп, «Самал жоқ. Кездесе алмай жүр шамасы» деп, болған жайды директорға айттым. Ол кісі ашуланып, «қазір» деп телефоннан айқай салды. Кейін білсек, «Самал» сол кездегі кафенің аты екен ғой.

— Әлі де еңбектен қол үзбей келесіз.

— 2014 жылы ауылдан аудан орталығына қоныс аудардық. Он жылдан бері Хромтау аудандық байланыс бөлімінде фельдъегерь болып жұмыс жасап келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызметтің артық-кемі жоқ. Еңбек етемін деген адам өзіне бұйырған жұмысты адал, әрі жақсы көріп, жан-тәнімен жасаса, еліміз өркендеп, дами түспек.

Сұхбаттасқан Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ