"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

ХРОМТАУДЫҢ АҚЫНЫ «САРАНЫҢ СІҢЛІСІ» АТАНДЫ

«Біржан-Сара ізімен» республикалық телевизиялықайтыс жобасының үшінші маусымының Біржаны шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов, Сарасы хромтаулық Жұлдыз Қазихан болды. Жеңімпаздар бір миллион теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. Республикалық жобаның әр маусымында еліміздіңтүкпір-түкпірінен 30-ға тарта ақын бақ сынайтынсайыстың биылғы жеңімпазы — жерлесіміз Жұлдыз Қазиханды сөзге тартқан едік.

Алматыда өткен дүбірлі айтыс туралы ақын қыз былай дейді:

Бұл айтыстың басты қолдаушысы — ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері, айтыстың абызы Жүрсін Ерман және «Алматы» телеарнасы. Бұл осымен үшінші рет өткізілгентелевизиялық жоба. Қазақстандағы бүкіл ақын қыз-жігіттерді жинаған, қыз бен жігіттің арнайы айтысы — «Біржан-Сара ізімен» деп аталды. Бұл айтыста бас жүлде алған жігітке «Біржанның інісі», қызға «Сараның сіңлісі» атақтары берілді. Бұған осы жолы 20-ға жуық ақын қатысты. Олардың қатарында Нұрлан Есенқұлов, Мұрадым Мирланов, Қайнар Алагөзов, Мөлдір Айтбай, Аруна Керімбек, Алтынгүл Қасымбекова сынды белгілі ақындар болды. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман болса, мүшелері — Қазақстанның халық ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Әсия Беркенова және «Алтын домбыра» иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Еркебұлан Қайназар болды, — деді Жұлдыз.

Үш кезеңнен құралған тартысты жоба кезінде ақындар қағытпа қалжың мен астарлы ойды айтып, жігіттер жағы «Біржанның інісі», қыздар жағы «Сараның сіңлісі» атануға барын салған.

— Іріктеу кезеңінде Нұрлан Есенқұловпен айтыстым, екеумізде отыз ұпайдан алдық, финалда ақтөбелік Ақниет Жұбанышпен айтыстым. Ол кезде де отыз балл алдым. Ал, Ақниет Жұбаныш 29 балл жинады. Сөйтіп «Супер финал» кезеңіне шықтым. Онда тағы да Нұрлан Есенқұловпен айтыстым. Екеуміз де отыз баллдан алдық. «Сараның сіңлісі» атағын Ақтөбе облысы, «Біржанның інісі» атағын шымкенттіктер иемденді, — дейді айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова.

Ол Нұрлан Есенқұловпен айтыстың тартысты өткенін айтады. «Біз қыз бен жігіт айтысының қазіргі үлгісін көрсете білдік деп ойлаймын. Қазылар алқасының құрамы да кіл мықтыдан құралған, ол жерде буынсыз қызыл тіл мен ұтымды ой, тапқыр жауап қана алып шығады, —деген Жұлдыз Қазиханқызы айтыстан үзінді де келтірді.

Нұрлан Есенқұлов мені қағытпақ болып, қалжыңды сауал ұсынды. Ол:

— Тап болған Шымқаланың серкесіне,

Таңым бар Ақтөбенің еркесіне.

Желке жайлы есіме жақсы салдың,

Айтайын осы жағын мен көсіле.

Қай бір жыл Ермановқа хабарласып,

Көкемнің түсіпті ғой дерті есіңе.

Желкесіне тұз жинап апты Жүкең,

Түйедей май жинаған өркешіне.

Звондап мойыныңды жазам депті,

Жетсең болды Батыстың өлкесіне.

Жұлдызға сенген Жүкең жолға шыққан,

Теңгесін салып алып сөмкесіне.

Барып көрсе емші емес, доғдыр емес

Көріпкел отыр дейді кең көсіле.

Кемеңгерді апарған көріпкелге,

Қайранмын ақылыңның келтесіне.

Әлгі бақсы бас салып умаждапты,

Көкемді орап тастап көрпесіне.

Содан Жүкең мойынын бұрмақ түгіл,

Орнынан тұрмай қапты ертесіне.

Жатқызып қайтарыпты Алматыға,

Жүріп барған адамды жер төсіне.

Тізесі ауырғанда тағы кепсің,

Таяғына қарайсың сен тесіле.

Одан қалса менікін де қиям дейсің,

Жұлдыз-ау желке көрсең сенікі осы не?,,

Көкемді қорлағаның аз болғандай,

Көштің бе інісінің желкесіне?!дейді.

Ақын тосыннан қойылған сауалға тосылмау керек. Табанастында мен де былай жауап қайтарып үлгердім:

Қайтейін Нұрлан деген шойын ұлды,

Долданып сайлап кепсің дойырыңды.

Көріпкелге қараттың көкемді деп,

Жұлдызға тағып жатсың айыбыңды.

Бар шындықты Жүкеңнің өзі білер,

Құпияға толтырма қойыныңды.

Ермановтың ем-домын жасап берсек,

Қалағаннан тезірек айығуды.

Жетпіс жастың желкесін ұстағаны,

Ақ ниеттен біздегі қайырымды.

Інісінің көштің деп желкесіне,

Сахнада бастама қойылымды.

Әңгімені руға бұрып отқан,

Айласы көп Нұрландай қой ұлыңды.

Сенің мойның Жүкеңнің мойны емес қой,

Ел де оны біледі айыруды.

Нұрлан сен сондықтан да салыстырма.

Беліңе шақтап байла сойылыңды,

Елдің жүгін көтерген мойынменен

Тойдың жүгін көтерген мойыныңды.

Осылайша республикалық телевизиялық жобаныңбиылғы үшінші маусымы ел есінде қаларлықтай кереметжұптардың төл өнеріміз қыз бен жігіт айтысының озықүлгісін көрсеткен ақындарымен тарих қойнауына енді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ