Бүгінде отставкадағы полиция полковнигі Келес Дүйсенбин отыз жылдан астам уақытын ішкі істер саласына арнады. Жетпісінші жылдары еңбек жолын қатардағы сержант болып бастаған ол Ақтөбе облыстық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы болып зейнетке шықты.
Ол жиырма жылдай Хромтау ауданы ішкі істер органында қызмет атқарды, сондай-ақ Мәртөк және Қарғалы ауданы полиция бөлімдерінің бастығы болды.
1979 жылы Шымкент орта арнайы милиция мектебінің түлегі, лейтенант Дүйсенбин өз қызметін Хромтау қаласындағы аудандық ішкі істер басқармасының №1 арнайы комендатурасында инспектор қызметінен бастайды. Кейін осы салада тәжірибе жинақтай бастаған жас лейтенант түрлі қызметтерді атқарып жүріп, 1983 жылы аға лейтенант дәрежесіне көтереледі. Сөйтіп қазіргі Хромтау, бұрынғы Новоресей аудандық атқару комитетінің №5 арнайы комендатурасын басқарады. Бір қызығы, сол уақытта ол бар болғаны 25 жаста еді. Соған қарамастан облыстағы арнайы комендатураны басқаратын ең жас бастық саналды.
Келес Дүйсенбиннің айтуынша, сол кездері небәрі 20 000 халқы бар шағын аудандық қалада құрылыс батальонының екі әскери бөлімі, бұрын сотталған адамдарға арналған емдеу-еңбек профилакториясы, арнайы контингенті 500 адамнан тұратын екі арнайы комендатура орналастырылған, әрі осылардың барлығы №5 арнайы комендатураға біріктірілді. Мұның бәрі қаладағы жағдайға әсер етіп, операциялық жүйені қиындата түскені рас.
Арнайы контингент арасында қандай қылмыстық жағдай болғанын түсіну үшін сол жылдардағы екі қылмысты ғана атауға болады. Оның бірі — аудандық ішкі істер органының аға тергеушісі, полиция майоры Б. Иманғазин жұбайымен бірге өз үйінде аяусыз атылса, екіншісі — зорланған және өлтірілген жас қыз. Оның мәйіті «Хромтаутяжстрой» трестінде цемент салынған бакке тасталған. «Бұл қылмыстардың барлығы ашылып, кінәлілер ұзақ мерзімге сотталды», — деді К.Дүйсенбин.
Жыл қорытындысы бойынша арнайы контингенттер арасында осындай күрделі жедел жағдайға қарамастан, К.Дүйсенбин бастаған ұжым республика бойынша үздіктер қатарынан танылды. Әрине, мұндай абыройға жету бір ұжымның, бір команданың маңдай тері, ондағы жастардың үлкен еңбегі еді. Өзін талантты басшы ретінде көрсете білген Келес Дүйсенбиннің жұмысты ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болатын.
1989 жылы Келес Дүйсенбин аудандық ішкі істер органының меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі қызметіне ауыстырылады. Бұл қызметте де ол өзін жедел қызметкер ретінде жақсы қырынан көрсете білді. Осы лауазымда болған қысқа уақыт ішінде олар Ақтөбе қаласының дәріханалары арқылы сатылған шприцтер партиясының үлкен ұрлығын анықтайды. Қылмыстың беті ашылып, қылмысқырлар өз жазасын алды.
Кейіпкеріміз 1992 жылдан 1996 жылға дейін Новоресей ауданының ішкі істер бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады. Екі жыл бойы ол майор бола тұра, Мәртөк және Қарғалы аудандарының ішкі істер органдарын басқарды. Осы жылдары ол бөлім ғимараты үшін бұрынғы автобазаның кеңсесін қалпына келтірді, уақытша ұстау изоляторын салды, бөлімдерді көліктермен қамтамасыз етті.
Кейін ол он жылдай Ақтөбе қаласы ішкі істер департаментінің 162/1 қылмыстық атқару жүйесі саласында еңбек жолын жалғастырады. Осы жылдары тергеу изоляторына жөндеу жүргізіліп, жаңадан медициналық блок салынып, кезекші бөлімі қайта салынады.
Бір жылдай оқшаулау бөлімінің бастығы болған К.Дүйсенбиннің тұсында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талабына сәйкес келетін Ақтөбе қаласында жаңадан заманауи уақытша тергеу изоляторы салынды.
2005 жылы Келес Дүйсенбин Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Осы қызметке келген уақытта ол басқарған ұжым Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада батырдың туған елінде және осы тұста Қазақстан Республикасы Президенті Сайлауында халықтың қоғамдық қауіпсіздігін жоғары дәрежеде қамтамасыз етті.
Құқық қорғау саласында мінсіз қызмет атқарған Келес Жалғасұлының атына берілген көптеген марапаттар бар.
Алдыңғы
Келесі