"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ШАРУА?

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов ауылдық округтерді жұмыс сапарымен аралауда. Мақсат – шаруалардың қысқы ахуалымен танысып, кәсіпкерлермен кездесу. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың жағдайы да назардан тыс қалмады. Аудан басшысының іс-сапары Бөгетсай ауылдық округінен басталды.

Алдымен Шіліксай елді мекенінің аумағындағы «Есеп» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан аудан басшысы «Ақтөбе асыл тұқымды кәсіпорны» серіктестігінің жай-күйін қарады. Шаруашылық басшысымен асыл тұқымды ірі қара малының қысқы жем-шөп көлемі мен субсидия мәселелері талқыланды.

Одан соң аудан басшысы ауылдық округ орталығындағы «Жалын» жылыжай кешенінің жұмысын қарады. Жылыжайда қияр өнімін өсіріп отырған кәсіп иелері алдағы уақытта басқа да көкөніс өсіруге ниетті екенін жеткізді.

– Ауылшаруашылығы өнімін өндірушілердің кооперативін құрып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 15 819 000 теңге несие алдық. Ол қаржыға 240 шаршы метрлік жылыжай салдық. Қазір онда 500 түп қияр мен аскөк, ақжелкен секілді өсімдіктер өсірудеміз. Әзірге қиярымыз гүлдеп, түйнектеуде. Өнімді жергілікті фастфуд желілері мен дүкендерге өткізбек ойымыз бар, – дейді кәсіпкер Нұрбек Шәмшин.

Бөгетсайдағы әлеуметтік нысандарды аралап, балабақша мен мектеп-гимназияның және мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысқан Нұрхан Тілеумұратов ондағы тәлім алып жатқан балалармен кездесіп, оқуларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысына балабақшаға қатысты ұсыныс енгізуді тапсырды. Себебі, 50 балаға арналған «Балдәурен» балабақшасының ғимараты ескіріп, ауыл балаларына таршылық етуде. Балабақша меңгерушісінің айтуынша, бүгінгі таңда 30 бүлдіршін кезекке тіркелген.

Одан әрі Қарлаудағы «Нұрай» және «Аслан» шаруа қожалықтарының қысқы тынысымен танысты.

Қарлаудың іргесіндегі «Нұрай» шаруа қожалығында үш жүзге жуық ірі қара мен 70-ке тарта жылқы бар. Негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын қожалықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Жем-шөп жеткілікті. Техникам да сайлы. Ендігі мақсат – малды аман-есен төлдетіп алу», – дейді шаруашылық басшысы Радж Бекмағамбетов.

Жұмабай Бекмағамбетов «Аслан» шаруа қожалығын ширек ғасыр бұрын құрған. Әуелі егіншілікпен айналысқан шаруа кейін мал шаруашылығына ауысқан. Бүгінде 600 бастай ірі қара ұстап отырған ол білікті мал дәрігерлерін табудың қиындығын айтады. Сондай-ақ жұмыс күшінің жеткіліксіздігін алға тартқан шаруа жастардың ауыл шаруашылығы техникаларын меңгеріп, мал бағуға құлықсыздығын тілге тиек етті.

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың  жұмыс сапары Аққұдық және Көктау ауылдарында жалғасты.

Аудан басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан – «Игданит» ЖШС болды. Аққұдық ауылындағы аталмыш зауыт қазіргі таңда жер мәселесі бойынша өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Н.Тілеумұратов бұл мәселені жеке бақылауына алды. Тұрғындардың сұранысымен салынған бөгетті де көзімен көрген аудан басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын пысықтады.

Одан әрі аудан әкімі кәсіпкерлік нысандарының жай-күйімен танысты. Көктаудағы «Жаужүрек мың бала» ЖШС-нің «Адина» балабақшасы – бір мезетте жетпіс бес бүлдіршінді қабылдауға қауқарлы бар. Қазіргі таңда негізгі ғимаратқа жапсарлас құрылыс жүргізу арқылы кеңейту көзделуде. Құрылыс жұмысы жүзеге асса, ауылда тапшылығы жойылмақ.

Аудан басшысы Көктаудағы «Көктемгі Аралша» кен орнының жұмысымен де танысты. Аталмыш кен орны 600 м тереңдікте шоғырланған мыс-мырыш кенін өндірумен айналысатын алпауыт өндіріс. Облыс көлемінде мыс-мырыш қорының 51,8 пайызы осы кен орнына тиесілі

Қуандық РАҚЫМ

ПІКІР ЖАЗУ