Ережесіз жекпе-жек спортының «NOMAD MMA» түрінен Қарағанды қаласында әлем біріншілігінде жерлестеріміз олжалы болды. Хромтау қаласындағы «TIMUR YESKALIEV TEAM» жауынгерлік клубының спортшылары 9 салмақ дәрежесі бойынша әртүрлі жас ерекшелігінде өз бақтарын сынап көрген болатын. Оң нәтижеге қол жеткізген клуб мүшелерінің жетекшісі Тимур Есқалиев өз шәкірттерінің жетістіктеріне шын қуанатынын айтты. Оның айтуынша, көптеген спорттық жиындар мен жүйелі жаттығулар оңтайлы нәтижелер көрсеткіші бола білген.
Бірнеше күнге созылған байрақты бәсеке қорытындысы бойынша, 18-19 жас аралығында 60 кг салмақ дәрежесінде Ғанибек Есенғали жүлделі үшінші орынды иеленсе, осы жас көрсеткіші бойынша 81 кг салмақта Қайсар Қарабек ақтық сында қарсыласына есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Ал 20 жастан жоғары жауынгерлер арасында 60 кг салмақ дәрежесінде Әділжан Мұқашев әлем чемпионы атағын иеленіп, жоғары жетістікке жете білді.
Әлем чемпоинатында топ жарған үздік жауынгерлердің бапкері әрі жетекшісі хромтаулық Тимур Есқалиев өзінің бапкерлік ғұмырындағы ең айтулы деген жетістіктерінің бірі екенін жасырмады.
– Мен үшін ең алдымен әрбір шәкіртімнің жарыстардан жарақатсыз оралғаны маңызды. Себебі, бұл спортта белдесуден бөлек жұдырықтасу барын да бәрі біледі. Қауіп жоғары. Басты алаңдаушылығым сол. Ал бұл жолғы жарыстың нәтижесі бөркімізді аспанға атызды. Мәселен, күні кеше ғана әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келген шәкіртім Ғанибектің өзі жартылай финалда сәл ғана есе жібергені болмаса қола жүлдеге таласта кіші ақтық сайыстың көркін қыздырып, жүлделі бола білді. Одан бөлек, қос бірдей шәкіртім ақтық сында бой көрсетіп, бірі алтын, бірі күміс жүлдені иеленді, – деген бас бапкер әрі клуб жетекшісі алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Оның айтуынша, алдымен жауынгерлердің физикалық дайындығына көңіл бөлмек. Бірнеше кезеңнен тұратын жекпе-жекте кейбір спортшылар соңына дейін төтеп бере алмай жатқан көрінеді.
– Бұл бәсеке біздің біраз қырымызды көрсетіп берді. Спортшылардың физикалық деңгейі, шеберліктері секілді жан-жақты аспектілердің барлығын алдағы жиындарда толық зерттейтін боламын, – дейді ол.
Бас бапкердің айтуынша, енді клуб мүшелері Атырау қаласында өткізілетін жарысқа дайындық жұмыстарын бастамақ.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА