АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ұшқыр ой мен терең білім сынға түсетін мұндай додалардың берері мол екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
— Мазмұнды әрі тартысты жарыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады. Alem.ai battle сайысына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар және IT саласының мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетті. Байқау аясында дарынды азаматтарымыз денсаулық сақтау жүйесі, білім беру саласы және жасанды интеллект модельдерін үйрету мәселесіне қатысты инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл сайысты озық идеялардың бәсекесі десек, қате болмайды. Осындай шаралар сіздерді кәсіби тұрғыдан шыңдайды, елімізде және әлемде сұранысқа ие болатын маңызды жобаларды іске асыруға жол ашады деп сенемін. AI Governance Cup байқауының да мән-маңызы айрықша. Бұл сайыста жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсынылды. Соның ішінде медициналық куәландыру жүйесін автоматтандыру, интеллектуалдық прокурорлық қадағалау, педагогтерді қолдау жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі идея немесе пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат — озық идеялар мен бастамаларды мемлекеттік құрылымдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыру. Осыған баса назар аудару қажет. Осындай беделді байқауларда жүлделі болу — шын мәнінде, үлкен жетістік. Сіздердің жеңістеріңіз — үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі екені сөзсіз. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет жаңашыл, жасампаз азаматтарға зор үміт артады, әрдайым қолдау көрсетеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
https://kaz.inform.kz/news/ushkir-oy-men-teren-blm-singa-tusetn-dodalardin-berer-mol-kasim-zhomart-tokaev-3c4601/
