Аққұдық ауылында жалғасқан аудан әкімінің есептікездесуінде ауыл әкімі Қайрат Тәшенов жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ауыл әкімінің айтуынша, қыстағы төтенше жағдай кезеңінде болған мектеп ғимаратының шатыры қайта жөндеуден өткен. Ауылға кіреберіс жолдың құрылысы да басталып, алғашқы қабатына 7 шақырымдық ұзындықта асфальт жабындысы төселіп үлгерген.
— Ауыл көшелерін күтіп ұстау, санитарлық тазарту жұмыстары үнемі назарда. Өткен кездесулерде көтерілген жарықшамдар мәселесі де толық шешімін тапты. Былтыр пайдалануға берілген медициналық пункт жұмысы да қарқынды істеп тұр, — деген ауыл әкімі ауылішілік жолдың асфальтталғанын атап өтті.
Аудан басшысы биыл Аққұдық ауылына 700 млн теңге көлемінде қаражаттың игерілгенін атап өтіп, нақты қандай істер атқарылғанын да айтты.
— Ауыл көшелеріне тасжол төсеу жұмыстарын толық аяқтағанымызды жеткізгім келеді. Мектеп шатырын қалпына келтірдік. Орталық саябақты абаттандырып, мәдени демалыс үшін қолайлы жағдай жасадық. Одан бөлек, ауылға кіреберіс жолдың құрылысына кірістік. Биыл 7 шақырымға асфальттың алғашқы қабаты төселді. Келер жылы 14 шақырымға асфальт төсеу үшін сметалық құжатты жобалауға кірісеміз, — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Кездесуге келген ауыл тұрғындарынан сұрақ болмаса да, жергілікті кәсіпкер Қуаныш Кенжебаев аудан әкіміне алғысын білдіріп, өз ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, ауылға көшіп келіп жатқан халықтан, кетіп жатқан тұрғындар саны басымырақ. Осы мәселені шешу үшін ол көшіп келетін отбасыларға екі сиыр тегін беруге дайын екенін жеткізді. Теколарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне әкімдік тарапынан қолдау болса деген ұсынысын айтты. Бұл орайда аудан басшысы көрші Көктау ауылындағы ірі кәсіпорын басшылығымен сөйлесетінін жеткізіп, барынша қолдау танытатынын жеткізді.