Батырлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің биік үлгісін көрсеткен қаһармандардың есімін ұлықтау мақсатында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырлардың рухына тағзым етілді. Отан-Ана монументі алдында Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
– Осыдан 79 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Қазақстан елінен бұл соғысқа бір миллион екі жүз мың адам аттанып, 600 жүз мыңнан астам жерлестеріміз Отан үшін жанын пида етті. Ал ауданымыздан аттанған 12306 жауынгердің 3165-і елге қайта оралмады. Бүгінгі күні облыстағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері Василий Грецкий – біздің жерлесіміз. Сонау қанды соғыста ерлік танытқан аталарымыздың есімі ел есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Сондықтан, Жеңіс жолында майдан мен тылда жанқиярлық танытқан ата-әжелеріміздің рухына тағзым етеміз, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар майдангерлерді еске алу рәсіміне ардагерлер мен ақсақалдар кеңесі, мәслихат төрағасы, күштік құрылымдардың жеке құрамы мен басшылары сонымен қатар, мемлекеттік мекеме және кәсіпорын ұжымдары қатысты. Салтанатты шарада гүл шоқтары қойылғаннан кейін соғысқа қатысқан жауынгерлердің ұрпақтары да тағзым етіп, өз ата-бабаларын мақтанышпен еске алды.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА