"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ХРОМТАУДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ХРОМТАУДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Хромтау қаласында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жастардың басын біріктіріп, олардың белсенділігін арттыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігін жастар арасында командалық ынтымақтастықты нығайтып, олардың зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған «JASTAR QUEST – 2026» аудандық квест жарысы құрады. Айта кетерлігі, танымдық әрі тартысты форматтағы бұл шара Хромтау ауданында 7 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғыртылып отыр.

Квест жарысына жастардан құралған ауданның түрлі мекемелері мен ұйымдарынан 13 команда қатысты. Атап айтқанда, олар – Хромтау ауданының әкімдігі, аудандық полиция бөлімі, Пробация бөлімі, аудандық аурухана, Мәдениет орталығы, Дөң тау-кен байыту комбинаты, Жастар лигасы, Хромтау тау-кен-техникалық жоғары колледжі, №1 және №3 Хромтау орта мектептері, №5 және №7 Хромтау мектеп-гимназиялары және ауыл жастары.

Жарыс барысында қатысушылар тапқырлықтарын, шапшаңдықтарын, логикалық ойлау қабілеттерін және командалық жұмыс дағдыларын сынады. Әр кезеңде жастар ұйымшылдық пен өзара қолдаудың маңызын көрсете білді.

Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша «I орынды – Мәдениет орталығының командасы», «II орынды – Пробация бөлімінің командасы», ал «III орынды – Дөң тау-кен байыту комбинатының командасы» иеленді.

Мерекелік іс-шаралар Орталық саябақтағы салтанатты жиынмен жалғасты. Жиында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов аудан жастарын Халықаралық жастар күнімен құттықтап, жас буынның ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

– Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді қозғаушы күші. Сіздердің тың бастамаларыңыз бен жаңа жобаларыңыз ауданымыздың дамуына серпін береді. Сондықтан жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, бастамаларына қолдау көрсету – маңызды міндет, – деді аудан әкімі.

Салтанатты шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салаларда нәтижелі еңбек көрсетіп жүрген бірқатар белсенді жас Ақтөбе облысы әкімінің және Хромтау ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, заманауи музыка мен жастарға арналған «FOAM PARTY» шоу-бағдарламасы ұйымдастырылды. Көңілді кеш жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік шараның мазмұнын арттыра түсті.

Халықаралық жастар күніне арналған бұл іс-шаралар жастардың бірлігін нығайтып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Жастардың бастамасы мен белсенділігі – Хромтау ауданының жарқын болашағына бастар маңызды қадам.