"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КАСКАДТЫҚ ОҚЫТУ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ

КАСКАДТЫҚ ОҚЫТУ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ АЛАҢЫ

Ақназар ДҮЙСЕМБАЙ,
Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары ауданда жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бүгінде ауданда сайлау жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша бір аумақтық, 13 округтік және 28 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Жалпы комиссия құрамында 252 адам қызмет атқарады және қазіргі уақытта комиссиялар құрамында бос орын жоқ.
Ауданда 28 сайлау учаскесі орналасқан. Оның 10-ы — Хромтау қаласында, қалғандары — ауылдық округтерде. Қазіргі таңда ауданда 29 067 сайлаушы тіркелді.
Сайлау науқанының ашық әрі сапалы өтуі үшін сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінуде. Барлық учаске ақпараттық стендтермен, талапқа сай жабдықталған дауыс беру кабиналарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар көру қабілеті төмен азаматтарға арналған үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, құлаққаптар, арнайы трафареттер, қажет болған жағдайда Брайль қарпі және компьютерлер де қарастырылды.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету де басты назарда. Бүгінде аудандағы 28 сайлау учаскесінің 22-сінде пандус орнатылған, ал қалған ғимараттарда олардың қажеттілігі жоқ. Барлық пандуста шақыру батырмасы бар. Сондай-ақ автотұрақтарда арнайы орындар белгіленіп, ғимаратқа кіреберістен бастап дауыс беру жәшігіне дейін тактильді бағыттағыштар орнатылды.
Сайлау науқаны кезінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп екі сурдоаудармашы мен екі инватакси қызмет көрсетеді. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін заң талаптарына сәйкес үйде дауыс беру ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда ауданда ерекше қажеттілігі бар 129 сайлаушы тіркелді. Оның ішінде 59 адам арба пайдаланады, 50 адамның көру қабілеті бұзылған, ал 20 адамның есту қабілетінде ерекшелік бар. Барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан.
Сонымен қатар ауданда кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 28, ал үгіт материалдарын орналастыру үшін 21 арнайы орын бекітілді. Хромтау қаласында сайлауға қатысты ақпараттар жарияланатын үш LED экран жұмыс істейді. Бұдан бөлек аудан бойынша 32 ақпараттық баннер дайындалып, оның 13-і қалада, қалғандары ауылдық округтерде орналастырылды.
Сайлаушыларға арналған шақыру билеттері толық алынды. Оларды тарату жұмыстары 7 тамыздан басталады.

Тағы бір айта кететін жайт, Құрылтай сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында ауданымызда науқанды ұйымдастырушыларға арналған «2026 жылғы Құрылтайды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында оқыту семинары да өткізілді. Басқосуға учаскелік құрылтай комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты. Семинарға арнайы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Асылжан Бүркіталин қатысып, алдағы саяси науқанға жан-жақты дайындықтың маңыздылығы айтылып, Құрылтайды ұйымдастыру барысындағы негізгі міндеттер, сайлау учаскелерінің әзірлігі, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі және заң талаптарын мүлтіксіз сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту барысында каскадтық әдіс кеңінен қолданылып, комиссия мүшелерін кезең-кезеңімен даярлау жүйесі жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл арқылы оқытудан өткен мамандар өз білімдерін төменгі деңгейдегі комиссия мүшелеріне жеткізіп, барлық сайлау комиссиясының бірізді әрі сапалы дайындалуына мүмкіндік жасайды.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылардың білімін бекіту мақсатында Quiz Time интерактивті викторинасы да ұйымдастырылды. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады. Практикалық бөлімде қатысушылар рөлдік ойындарға қатысып, сайлау процесінде туындауы мүмкін түрлі жағдаяттарды заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын талқылады. Топтық жұмыстар барысында тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті. Семинар соңында қатысушылар тест тапсырды. Мұндай оқыту іс-шаралары мен каскадтық әдіспен өткізілетін семинарлар комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып, Құрылтай депутаттарының сайлауын заң талаптарына сай, ашық, әділ әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.