"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Ләззат Қалтаева БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды

Ләззат Қалтаева БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды

1 / 2
09 маусым 2026 03:24

Нью-Йорк, 2026 жылғы 9 маусым – Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға (CRPD) қатысушы мемлекеттер конференциясының 19-сессиясы өз жұмысын бастады.

Конференция делегаттарына арнап сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтудің, олардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің, сондай-ақ инклюзивтілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын жаһандық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Конференция аясында БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің тоғыз жаңа мүшесін сайлау рәсімі өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының үміткері Ләззат Қалтаева 157 мемлекеттің қолдауымен ең үздік көрсеткішке ие болып, 2027-2030 жылдарға арналған мерзімге Комитет мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар Комитет құрамына Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия өкілдері сайланды.

Ләззат Қалтаева – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар танымал сарапшы. Ол көптеген жылдар бойы инклюзивтілік, қолжетімділік және тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге белсенді түрде үлес қосып келеді. Әсіресе, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Ләззат Қалтаеваның Комитет құрамына сайлануы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи жетістік. Аталған шарттық органның құрамына алғаш рет Орталық Азия өңірінің өкілі сайланып отыр.

Бұл нәтиже Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделін, еліміздің мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы дәйекті мемлекеттік саясатының мойындалғанын, сондай-ақ қазақстандық мамандардың кәсіби біліктілігінің халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланатынын айқын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын одан әрі ілгерілетуге және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында нығайтуға бейілдігін растайды.