Маңызды кезең
Құрылтайдың бір палаталы жоғары өкілді орган ретінде қалыптасуы — еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды өзгерістің бірі. Бұл ретте алдағы Құрылтай сайлауының да маңызы зор. Себебі жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтіні халықтың таңдаған өкілдеріне және олардың ел алдындағы жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Бұған дейін заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта кезекпен қаралатын. Екі палата арасындағы келісу мен үйлестіру белгілі бір уақытты талап ететін. Енді заң шығару жұмысы бір өкілді органның аясында шоғырланады. Мұның мақсаты — заң қабылдау үдерісін жеңілдетіп, шешім қабылдауды жеделдету және артық бюрократиялық кезеңдерді қысқарту.
Менің ойымша, жаңа жүйенің тиімділігі ең алдымен Құрылтай құрамына сайланған азаматтардың жұмысына байланысты болады. Сайлау кезінде халықтың сеніміне ие болған өкілдер елдің әр өңірінің мәселесін көтеріп, азаматтардың ұсыныстары мен пікірін заң шығару жұмысына жеткізе білуі керек.
Сондықтан Құрылтай сайлауы — тек өкілдерді таңдау емес, елдің алдағы заң шығару бағытын айқындауға қатысу мүмкіндігі. Сайланған өкілдердің халықпен тұрақты байланыста болуы, ел ішіндегі өзекті мәселелерді білуі және оларды шешуге атсалысуы маңызды.
Гүлсезім Құлжанова, дөң тау-кен байыту комбинаты орталық жөндеу шеберханасының учаске басшысы.
