Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Хромтау ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген сала мамандары құрметке бөленді. Бұл мереке – елдің мәдени өмірін дамытуға атсалысып жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды күн.
Аталған шара барысында Amanat партиясының Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Рүстем Шакизаев мәдениет саласы қызметкерлерін арнайы құттықтап, олардың ауданның рухани өміріндегі еңбегін жоғары бағалады. Ол мәдениет майталмандарының халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпаққа тәрбие берудегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
Салтанатты жиын барысында мәдениет саласының бірқатар қызметкерлеріне Amanat партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың атынан және партия филиалы атынан Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – өз ісіне адал, шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі арқылы аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Шараға қатысушылар мұндай марапаттау мәдениет саласы қызметкерлеріне үлкен серпін беретінін, олардың жаңа шығармашылық бастамаларына жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, аудан мәдениетінің дамуы мен халықтың рухани сұранысын өтеуде осындай қолдаулардың маңызы зор екені айтылды.
Мерекелік іс-шара жылы атмосферада өтіп, мәдениет саласының өкілдеріне деген шынайы ризашылық пен құрмет сезімін айқындады.
Толғанай ЕСБОЛСЫН
