Ақтөбе мыс компаниясында шахтер күні спорттық жарыстармен аталып өтті. «Весенне-Аралчинское» кенішінің вахталық қалашығында қызметкерлер футбол, волейбол, арқан тарту және кір тасын көтеруден сынға түсті.
Мерекелік турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, кеніштің әртүрлі бөлімшелерінің командаларын біріктіреді. Жарысқа шахтаның шаң-тозаңнан қорғау және желдету учаскесі, жерасты техникасын жөндеу және пайдалану учаскесі, жерасты тау-кен жұмыстары учаскесі, бетон-толтырма кешені және басқа да бөлімшелердің қызметкерлері қатысты.
Көптеген жұмысшылар үшін жарысқа қатысу мерекенің ажырамас бөлігіне айналған. «Шахтада жұмыс істеп жүргеніме үшінші жыл, осы уақыттың бәрінде жарыстарға қатысып келемін. Биыл әріптестерімді қолдау үшін вахтааралық демалыстан арнайы келдім. Мен командалық рухты қолдаймын. Мұндай турнирлер ұжымды шынымен біріктіреді», – дейді тиеу-жеткізу машинасының машинисі Әмір Кукиев.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар ақшалай сыйлықтар және медальдармен марапатталды. Ал қалған қызметкерлер үшін корпоративтік сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды. Кеніш басшылығы қызметкерлерге күнделікті еңбегі мен ортақ іске қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, барлығына қауіпсіз еңбек, зор денсаулық және жаңа жетістіктер тіледі.
