"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНА – 30 ЖЫЛ БІР МАҚСАТ ЖОЛЫНДАҒЫ ҮНДЕСТІК

Елімізде 1993 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік территориялық құрылымы туралы» және «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» Заңдары қабылданып, жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енді. Өкілетті органдар — мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдар — әкімдіктер мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары болып аталды. 1994 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасында жергілікті өкілетті орган — бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат-жиналыстарына сайлау өткізілгені белгілі. Міне, содан бері арада отыз жыл өтіпті. Атаулы датаға байланысты Хромтау аудандық мәслихатының төрағасы Эльмұрат Болатовты сөзге тартқан едік.

— Елімізде мәслихаттар институтының құрылғанына отыз жыл толды. Бүгінде бұл институттың беделі мен рөлі қандай?
— «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекетті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында мазмұндалғандай, мәслихат өз өкiлеттiгiн сессияларда мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттары мен төрағасы арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады. Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны — сессия, онда мәслихаттың қарауына заңдармен қарастырылған мәселелер шешiледі.
Мәслихаттардың құзыретiне тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, бюджеттік бағдарламаларды бекіту өздерiнің қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелерін шешу, жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау, атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және т.б. заң шеңберіндегі мәселелер енгізілген. Мәслихаттың сессиясы — мәслихат қызметінің негізгі нысаны.
1994 жылғы алғашқы мәслихат сайлауында Хромтау ауданының аумағында жиырма бес сайлау округі құрылып, халық қалаулысы болған жиырма бес депутат сайланды. Хромтау аудандық мәслихат-депутаттар жиналысының І шақырылымының депутаттарының құрамында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы өкілдер болды. Мәселен, солардың қатарында Қ.Әубәкіров, Қ.Абдрахманов, Е.Байтұрсынов, М.Бикеев, М.Жарылғасынов, М.Жұмабаев, В.Кочубей, Қ.Қожабаев, А.Кусова, М.Құлмағамбетов, В.Лотмарина, С.Сергейчик, В.Олейников, Ж.Наурызбаев, Г.Прох, А.Гайдарь, В.Розберг, А.Стуколов, Я.Тәжіғұлов, А.Тұяқов, С.Омаров, Қ.Озғанов, М.Ұлықпанов, Е.Маңғалов және А.Козачоктардың есімін атауға болады. Олар — алғашқы мәслихат-депутаттар жиналысының І шақырылымының құрамына енген депутаттар. Алғашқы шақырылымдағы депутаттар мәслихат-жиналысының бірінші сессиясында аудандық мәслихат хатшылығына Анатолий Федорович Козачокті сайлады.
1997 жылы 11 қазанда «Қазақстан-2030» даму бағдарламасы қабылданып, экономикалық дағдарыстан шығу бағыттары айқындалды.
Алғашқы шақырылым депутаттары  ел экономикасының тоқыраған, халық сұранысының асқақтаған уақытында аудан халқымен біте қайнасып, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстарға белсене араласып, еліміздегі саяси өзгерістердің алғашқы жылдарында мәслихаттың оңтайлы жұмыс атқаруына өздерінің сүбелі үлестерін қоса білді.
1999 жылдың қазанында мәслихаттың ІІ шақырылымында аудан көлемінде он үш округ құрылып, он үш депутатқа таңдау білдіріліп, он депутат жаңадан сайланып, үш депутат екінші мәрте депутаттық мәртебеге ие болған еді. Екінші шақырылым депутаттары А.Козачоктың аудан мәслихатына хатшылық етуіне сенім білдірді.
Жоғарыда мазмұндалған шақырылымдар депутаттары егемендіктің алғашқы онжылдығында халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, сенімділікті арттырды.
Анатолий Козачок халық игілігі үшін игі бастамаларға мұрындық болып, тоғыз жыл қатарынан хатшылық қызметті абыроймен атқарып, депутаттық корпусқа біліктілікпен жетекшілік ете білген тәжірибелі тәлімгер. Бүгінгі таңда ол ауданның «Құрметті азаматы» атанып, зейнеткерлік демалыста болса да қоғам өмірінен қол үзбей, ауданның тыныс-тіршілігіне етене араласып келеді.
Хромтау аудандық мәслихаты депутаттарының ІІІ шақырылымының сайлауы 2003 жылдың қыркүйегінде өтіп, 13 сайлау округінен 13 депутат халық сеніміне ие болды. Мәслихат сессиясының хатшысы болып Зина Дербісалина сайланды. Депутаттар корпусының жаңа құрамы аумалы-төкпелі өтпелі кезеңнен өткен тәуелсіз елдің экономикасының күш алып, халықтың әлеуметтік деңгейінің күннен-күнге арта бастаған кезінде өз міндеттерін белсенділікпен жүзеге асырды.
— Қай кезде де халықтың мемлекеттік органға, депутаттарға деген сенімінің төмендеу екені байқалып қалып жатады. Сіздің пікіріңіз қандай?
— Бұл — қате түсінік. Осы тұста аудандық мәслихаттың хатшысы Зина Дербісалина бастаған 3-ші шақырылымдағы депутаттар туралы айтпай кетуге болмайды. Себебі сол кезде депутаттардың ықпалымен ұзақ үзілістен кейін Ақжар, Бөгетсай, Тасөткел ауылдарындағы мәдениет үйлерінің есігі қайта ашылды. Ауылдық округтердегі мектептер екі еңісті шатырларға ие болды, Ақтасты ауылында жаңа негізгі мектеп ашылды. Үшінші шақырылым депутаттарының мерзімінде осындай әлеуметтік салаларға баса назар аударылды.
Хромтау аудандық мәслихатының ІV шақырылымының депутаттарының 2007 жылы өткен сайлауында 13 округ бойынша халықтың сеніміне ие болған 13 депутаттың он бірі алғаш рет сайланса, Ш.Омаров пен Н.Арсений екінші мәрте сайланды.
Депутаттар құрамы аудандық мәслихат хатшысы лауазымына Дәурен Молдашевты лайық деп таныды.
Төртінші шақырылым кезінде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мақсатында балабақша ғимараттары мемлекет иелігіне қайтарылды. Сондай ғимараттардың бірі №8 балабақша болатын. 2011 жылы қайтарылған бұл ғимараттың жағдайы сын көтермейтін. Депутаттық ұжым жоғарыға ұсыныс жасап, қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткен ғимарат, талапқа сай жабдықталып, пайдалануға берілді.
Аудандық аурухана қарамағында бір ғана жедел жәрдем көлігі халыққа қызмет көрсететін. Аудан депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы бірлесіп облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, нәтижесінде, 2018 жылы аудан ауруханасы толық жабдықталған үш жедел жәрдем көлігімен қамтылды.
2012 жылдың қаңтарында Хромтау аудандық мәслихаты деутаттарының сайлауы өтті.

Он үш депутаттың алтауына қайта сенім білдіріліп, А.Егізбаев, Б.Ашабаев, Г.Нұриянова, Д.Молдашев, Е.Юшкевич екінші мәрте сайланса, Н.Арсений үшінші мәрте депутаттық мәртебеге ие болды. Ал, Н.Қарағұлов, А.Бекбауов, Г.Третьяк, М.Мамбетжанов, Н.Имандосов, А.Жұбанышев, А.Садықов алғаш рет депутат атанған еді.
Бесінші шақырылымдағы депутаттар Дәурен Молдашевты екінші мәрте мәслихат хатшылығына сайлады.
Бұл шақырылым тұсында «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар тарихи құжаттардың орындалуын мақсат тұтып, жүзеге асыруды межеледі. Сонымен қатар осы шақырылымның кезінде мәслихаттарға 20 жыл толған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, халықтың сұранысы да өзгерген еді. Қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті, жол және көлік қатынастарын жетілдіру, әлеуметтік сала сияқты маңызды мәселелерді оңтайлы шешу, жергілікті бюджетті ұтымды пайдалануды қадағалау абыроймен атқарылды. Нәтижесінде, мәслихаттар мен депутаттардың қызметі халық тарапынан ескеріліп, тұрғындардың сеніміне ие болып, оң баға берілді.
Тәуелсіздікпен қатар адымдаған мәслихаттардың 30 жылдық тарихында Хромтау аудандық мәслихатымен қоғамды демократияландыру, құқықтық мемлекет құру, жергілікті уәкілетті органдар арасында өкілеттіктерді бөлу, жергілікті уәкілетті билік органдары функцияларының тиімділігін арттыру бағытында іргелі жұмыстар жүзеге асырылды.
Халық қалаулыларының атсалысуымен аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту 94 пайызға жетсе, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының аясында бүлдіршіндердің 85 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Ал, Никельтау, Тасөткел ауылдарында жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тұрғындардың 82 пайызы ауыз суға қол жеткізсе, елді мекендер толықтай электр жарығымен қамтылды.
Аудан өңірінде әлеуетті жобалар жүзеге асырыла бастады. Аудан әкімдігі мен Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход-Ориел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында меморандум жасақталып, нәтижесінде Хромтау қаласында отызға жуық көше жөнделіп, 85,3 мың шаршы метр жолға асфальт төселді. Сонымен қатар Абай, Никельтау, Табантал ауылдарына республикалық бюджет есебінен газ құбыры тартылса, Майтөбе ауылын газбен қамтуға «Ақтөбе мыс компаниясы» серіктестігі демеушілік етті.
— Биыл ақпан айында аудан аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі. Осындай жағдайларда халық қаншалықты депутатқа сенім білдіреді?
— Орынды сұрақ. Иә, ақтүтек бораннан қала іші, ауданаралық және республикалық Самара-Шымкент күре жолдарында көліктер қозғалысы тоқтатылды. Адам өмірінің қауіпсіздігі үшін жергілікті билік органдары жан-жақты шаралар қабылдады. Осындай сын сағаттарда мәслихат депутаттары ұйымшылдықпен, көмекке мұқтаж жолда қалған жандарға жұмыла көмек беріп, белсенділік танытты. Жылы ғимараттарға орналастырып, көлікте қалғандарға сусын, азық-түлік тасып, керек-жарақтарымен қамтып, қамқоршылық көрсетіп, жол азабынан құтқарып, елмен бірге болды. Төтенше жағдайдан соң жеке үйлердің, зейнеткерлердің жүріп-тұруына септігін тигізіп, екі қолға бір күрек алып, қар аршу жұмыстарына ат салысты.

— Мәслихаттардың болашақтағы жұмыс бағыты қаншалықты өзгермек?
Халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған халықтық орган болып ұйымдастырылған мәслихаттарға — 30 жыл толып отыр. Қазақстан мәслихаттары — билік органдарымен бірлесіп, бір мақсат жолында үндесіп, халқымыздың талап-тілектерін білдіре отырып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңдағы еліміздің жан-жақты өркендеуі мен халықаралық беделінің артуында, әлеуметтік-экономикалық дамуында Қазақстан мәслихаттарының маңызы зор.
Ауданның жол құрылысы, көпір құрылыстары, ауыз су, спорт, білім, денсаулық, әлеуметтік салалардың қамтылуы – маңызды мәселелер. Халықтың сұранысына құлақ қойып, ұсыныс-өтініштерін ескере отырып, нәтижелі жұмысты атқару қажеттігі — депутаттар үшін маңызды болып қала береді.

Сұхбаттасқан Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ