"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Сұхбат

КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ — ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Кітап — тілсіз ұстаз. Ал сол кітаптарды күтіп ұстап, халыққа жеткізу кітапханашының басты міндеті. Біздің кезекті кейіпкеріміз осы салада 22 жыл еңбек еткен Гүлзия Рахметова.

Гүлзия Кеңесқызы Батыс Қазақстан гуманитарлық колледжін кітапхана ісі мамандығы бойынша бітіріп, 2002 жылдан бастап Тассай орта мектебінің кітапханасында қызмет жасап келеді. Іргетасы 1979 жылы қаланған мектептегі кітапхананың жалпы ауданы — 72 шаршы метр. Іші жылы әрі жарық кітапхана биыл жаңа жиһаздармен толығыпты. Кітапханада жаңадан қойылған сөрелер мен дөңгелек үстел, отырғыштар мен алфавиттік формуляр бар.

— Қазіргі таңда мектебімізде кітапты жаны сүйетін оқырмандар саны 400-ден асады. Ал кітап қорына келер болсам, оқулықтар саны — 4327 дана, көркем әдебиеттер саны — 2019 дана, — дейді кітапханашы Гүлзия.

Ұзақ жылдар кітапхана саласында еңбек еткен майталман маман оқырмандар арасында қазір сұранысқа ие кітаптарға талдау жасап, зерттеп көрген. Бүгінгі жастар мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармасы, Абай Құнанбавтың «Қара сөздері», Бердібек Соқбақпаевтың «Менің атым Қожа» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптарын ерекше қызығушылықпен оқитын көрінеді.

Бүгінде кітапханаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл өткен сайын кітапхана қоры жоғары сапада дайындалған, оқырмандар үшін сұранысқа ие көптеген әдебиеттермен толығуда. Биылғы оқу жылында Тассай орта мектебінің кітапханасы  «Жусан иісі», «Парасат майданы», «Ауылдан шыққан миллионер», «Жыраулар поэзиясы» (ХV-XVIII ғасыр), «Бесеудің хаты», «Ай мен Айша», «Мәңгілік бала бейне», «Сәулең болса кеудеңде», «Біртуар», «Ауыл шетіндегі үй», «Бір кем дүние», «Тортай мінер ақ боз ат», «Ұшқан ұя», «Қарғын», «Анық пен таңық» сияқты көркем әдебиеттермен және Абай Құнанбайұлының «Абайдың қара сөздері», «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» және Гарри Поттердің  7 томдық кітаптарымен толықты. Маманның айтуынша, әлі де оқырмандардың сұранысын ескеріп, кітап қорына «Ұқыпсыз болғым келмейді», «Сиқырлы кітап», «Қыстың қызықты хикаялары», «Балалық шаққа саяхат» сияқты балалар және жасөспірімдер әдебиеттері қосылса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі аталған көркем шығармалар өте әдемі бояуларымен көмкерілген, оқырманның назарын бірден өзіне қарата алады. Оқырмандар көбіне әдебиеттің түр-түсіне, бояуына мән беретіндіктен, осындай тартымды әдебиеттер қажет.

— Жалпы кітапхана ісі — ауқымды шараларды қамтитын орын. Себебі кітапханашылар бір бағытта жұмыс жасамаймыз, кітапханашы мұғаліммен, баламен және керек десеңіз, мектептің кіші қызметкерлерімен де кешенді жұмыстар атқарады. Ол тек қана кітапхана сөресіндегі кітаптарды оқушыларға таратып беру емес, жоспарлы түрде көптеген шараларды мұғалімдермен, сондай-ақ оқушылармен де атқаратын мамандық. Жыл бойына жоспар жасалып, сол жоспарға сай шаралар ұйымдастырылып отырады. Мәселен: мерекелерге орай тақырыптық көрмелер, «ХХІ ғасыр кітапханашысы» сайысы, танымдық сағаттар, зияткерлік ойындар, мұғалімдер арасында дөңгелек үстелдер сияқты басқа да шаралар тұрақты түрде өткізіліп жүр, — дейді Гүлзия Кеңесқызы.

Шағын ғана ауыл мектебінің кітапханашысы түрлі семинарға қатысып отырады. Ол облыс, аудан көлемінде түрлі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болған. Мұның бәрі көзге көрінбейтін кітапханашының маңдай тері мен адал қызметінің жемісі.

— Әр оқырман өзі оқыған кітапқа үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс. Себебі құнды кітаптың берері де мол. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру — өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі бағыттарының бірі. Біз еңбекті бағалай білуді үйренуміз керек, — дейді кітапханашы.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ