"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

Балалар үшін жасыл аула

Хромтау ауданына қарасты Майтөбе ауылындағы мектеп ауласы биыл көктемде ерекше өзгерді. Ақтөбе мыс компаниясының бастамасымен мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорын қызметкерлері, оқушылар, ұстаздар және ауыл әкімдігі өкілдері бірлесіп 100 түп көшет отырғызды.

Мектеп ауласына терек, қарағаш және шаған ағаштары егілді. Уақыт өте келе олар жайқалып өсіп, көлеңке беріп, оқушылар үшін жайлы әрі көрікті орынға айналады.

«Бізге көшеттер әкелді, біз оларды отырғызуға көмектестік. Ағаштар өсіп, мектептің көркіне айналады деп үміттенеміз. Екі жылдан кейін мектеп бітірсек те, біздің қолымызбен егілген ағаштар осында қалады», – дейді Майтөбе орта мектебінің 9-сынып оқушысы Санжар Сағынтаев.

Мектеп директоры Ладмира Тәшенова мұндай жұмыстар балалардың табиғатқа деген қамқорлығын арттыратынын айтады:
«Бұл – экологиялық тәрбиенің жақсы үлгісі. Енді мектеп ауласында бәріміз бірге күтім жасайтын бақ пайда болады», – деді ол.

Бұл шара АМК-ның көгалдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстарының бір бөлігіне айналды. Биыл көктемде барлығы 600-ге жуық көшет отырғызылды. Оның ішінде шаған, қайың және жеміс ағаштары бар. Майтөбеден бөлек, ағаштар кәсіпорынның өндірістік алаңдары мен вахталық қалашықтарында да егілді.