ERG компаниясының қолдауымен қолға алынған «Tugan Qala» және «Tugan Qala Birlestik» жобаларының қорытындысы шықты. Моноқалада көп ұзамай демалыс орны мен басқа да бірнеше шағын инфрақұрылым нысандары салынады. Ал бұл жобаларды қала тұрғындарының өздері таңдаған болатын. Жеңімпаз жобалар биыл ЕRG мен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасындағы Меморандум есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсаттарға ЕRG 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлді.
Жыл басында «Tugan Qala» жобасының дауыс беру кезеңі өтіп, 27 жобалық ұсыныс қаралып, 10 жеңімпаз анықталған болатын. Ал қаржысы жағынан өзгерек әрі ірі инфрақұрылымдық нысандарға бағытталған «Tugan Qala Birlestik» ауқымды бағдарлама аясында үш локация таңдалды. Олардың ішінде ең көп дауыс жинағанын ERG қаржыландырады. Орталық саябақта шахтерлер қалашығының символына айналатын гиперкаска іспетті креативті алаңның құрылысы бойынша ауқымды жоба бой көтереді. Оның құрылысы осы жазда басталмақ. Тағы бір жоба бюджет есебінен іске асырылады.
– Бұл іске тұрғындардың бар ықыластарымен қатысуы мен қолдауын көргенде көңілге қуаныш ұялатады, – деді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Нұрлан Саринжипов. – Идеяларды жүзеге асыруда қала тұрғындары әрқашан белсенділік таныта білді. «Tugan Qala Birlestik» пилоттық жобасының сәтті аяқталып, жақын арада тұрғындар үшін отбасылық демалыс орындарының инфрақұрылымдық нысандары пайда болатынына қуаныштымын.
Жеңімпаздар аудандық, қалалық және Дөң тау-кен байыту комбинаты басшылығының қатысуымен өткен қорытынды баспасөз мәслихатында атап айтылды.
– Жыл сайын жобалардың саны мен сапасы артып келеді, – деді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов. – Әрине, бұған қуаныштымыз. Бұл – әкімдіктің, қала тұрғындары мен ERG компаниясының бірлескен жұмысының нәтижесі. Әкімдік осы жоба басталғалы бері қолдау көрсетіп, қажетті дауыс жинай алмаған идеяларды қаржыландырып келе жатқанын еске сала кетейік.
Хромтау – ERG компаниясы қала тұрғындарын жергілікті әрі өзекті мәселелерді жедел шешуге жұмылдыруға мүмкіндік беретін бастамалы бюджеттендіру бойынша осы әлеуметтік жобаны жүзеге асырған алғашқы қала. Хромтауда «Tugan Qala» жобасы осымен төртінші жыл жалғасып, қажетті нысандар ұсынған азаматтардың 29 идеясы жүзеге асырылды.Бұл мақсаттарға ЕRG 200 миллиион теңгеден астам қаражат бөлді. Мысалы, өткен жылы Хромтаудағы Кеншілер аллеясындағы жер мен айдың инсталляциясы, ауған соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіш, тұрғын үйлердің қабырғасына салынған жаңа муралдар мен қаланың ажарын келтірер басқа да нысандар өңір келбетін өзгеше етіп тұр.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА