"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

КӨКТЕМНІҢ БАСЫ — КӨРІСУ

Елімізде Наурыз мейрамының басы — Көрісу күні 14 наурызда аталып өтіледі. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Бұл —  жаңа жылдың алғашқы күні болғандықтан, сол күні жұрт бір-бірімен көрісіп, қауышады.

Көрісу — тым ерте дәуірден басталып, үзілмей келе жатқан дәстүр. Бұрынғы кезде ауыл-ауыл болып отырған жұрт жер шалғайлығымен, мал-шаруа жайымен қыс бойы хабарласа алмай, күн қабағын ашқан кезде ағайын-туыстың амандығын білуге асығады. Қыстан аман шыққан халық көктем келді деп қуанып, көршілерімен, ағайын-туыстарымен, дос-жарандарымен құшақтасып-көрісіп, үлкен кісілерге сыбаға, уыздан дәм таттырамыз деп арнайы барып көріседі. Жас балаларын ерте оятып, үлкендерге барып көрісуді міндеттеп қойған. Көрісудің төркіні — осында.

14 наурыз — Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн, деп санаған.

Өлкетанушылардың айтуынша, бұл дәстүр облысымыздың Байғанин, Ойыл аудандарында үзілмей келе жатыр. Төрт  түлік мал өсірген осы аудандар Атырау, Маңғыстау облыстары тұрғындарымен ертеден көші-қон жолдары аралас, салт-дәстүрі сабақтас болған. «Көрісудің негізгі мақсаты — үлкенге құрмет, кішіге ізет, ағайын-туыс, көрші-көлем, ауыл-аймақ арасындағы бауырмалдылық, сыйластыққа негізделген. Жыл бойы көрмеген кісілер кездескенде бір-бірімен көрісіп амандасып, өзара өкпе-ренішті кешіріскен. Ақтөбе қаласында көрісуді Қарақалпақстаннан оралған ағайындар мен Байғанин, Ойыл аудандарынан көшіп келген азаматтар бастап, бүгінде көпшілік қолдап алып кетті», — деген екен бір жазбасында өлкетанушы, марқұм Рысжан Ілиясова.

Мәліметтерге сүйенсек, халқымыз ежелден бері жыл санау, ай санау, күн санау есебін жүрізіп келген. Жылдың әртүрлі мезгілінде адамға да, мал-құсқа да аса жайсыздық туғызатын ерекше әрі тосын табиғат құбылыстары (әр жылы әртүрлі өтеді) пайда болады. Жұлдызшыларымыз жыл он екі айда болатын табиғат құбылыстарын алдын ала біліп, елге ескертіп отырған. Тым қарбалас әрі өткінші сипатта, негізінен, қар мен жаңбыр, жел мен боран, аптап ыстық түрінде көрінетін табиғаттың тосын мінез көрсетуін аталарымыз бір сөзбен Амал дейді. Шаруашылық жайы көші-қон және малмен байланысты болғандықтан, аталарымыз Амал келетін кезді есептеп, әрдайым табиғаттың тосын мінезіне дайын болу керектігін ескертеді. Амалдың атаулары мен реттері Наурыз айынан басталады. Бабаларымыз табиғат тосын мінез көрсететін жеті амал күндерін ерекше көрсетеді. «Олар — Күннің тоқырауы. Қарашаның қайтуы. Үркердің батуы. Мұздың қатуы. Киіктің матауы. Қыс тоқсан. Ай тоғамы». Бұлардан басқа әр айда болатын табиғат өзгерістері де баршылық. Мысалы: Бес қонақ, Құс қанаты, Аласапыран, Құралайдың салқыны, т.б. деп тізе беруге болады. Осы құбылыстардың әрқайсысының  мән-мағынасы бар.

Хромтау қаласының тұрғыны Жұмасұлу Өркенова Көрісу күнінің мән-мағынасы жайында былай деді:

— Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі — Көрісу күнінде адамдар қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң алакеуімнен көрісу мерекесін асыға күтетініміз рас. Бұл дәстүр қазір де сақталған, әсіресе жастарымыздың үлкендерге сәлем беріп, бұл күнді жаңаша сипатта өткізетіні бізді қуантады. Кезінде біз көрісу күнін ерекше атап өтетінбіз. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарқанды толтырып қоюға тырысатынбыз. Отбасының кішілері үлкендерге қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек.

Амал әр жылы әртүрлі өтеді. Бір жылдары Амал кезінде онша жайсыздық болмайды. Кей жылдары қар аралас жаңбыр жауып, оның артынан күн күрт суытқанда, жер бетін көк мұз басып, көктайғаққа айналады. Күн жарқырап тұрса да, әп-сәтте ауа райы күрт бұзылып, қарлы боран соғып, төңірек түгел көрінбей кетеді. Табиғаттың тосын мінезі жолаушыны бағытынан адастырып, далаға шығарған мал ығып кетуі мүмкін. Сондықтан да атам қазақ «Амалды амалдап өткіз», — дейді. Осы болжамдар мен бірнеше ғасырлық тәжірибе — бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.

Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ