Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында туған Геннадий Югай осыдан екі жыл бұрын сексеннен асқан анасын Меккеге апарып келіпті.
Ұлты кәріс болса да ислам дінін қабылдап, жүрегі қазақ деп соғатын Геннадий Югай қазақшаға судай. Ол өзінің кәріс екенін он жасында біліпті.
Геннадийдің ата-бабасы Қазақстанға сонау 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде келген. Олардың тағдыры да Қиыр Шығыстан күштеп қоныс аударылған өзге кәрістердікімен бірдей.
Кейіпкеріміздің айтуынша, оның ата-бабасы қазақ жеріне 1937 жылдың қысында келген.
— Нәубет жылдары бір-ақ күнде мыңдаған кәріс жүк пойызына тиеліп, туған жермен мәңгілікке қош айтысқан. Қыстың көзі қырауда, оның үстіне ұзақ жолда аштықтан өлгендері көп болыпты. Осылайша арада біраз күн өтеді. Кәрістер тиелген жүк көлігі Мұғалжар ауданы территориясына аялдап, бір топ кәрісті сол жерге түсіріп кетеді. Әбден ашыққан олар жаяулап-жалпылап жүз шақырымдай жердегі Бөгетсайға жеткен екен. Олардың арасында менің де ата-әжем болыпты. Өмірінде мүлдем естіп-көрмеген, бейтаныс өлке — қазақ жеріне ата-бабам осылай келген, — дейді Геннадий.
Геннадийдің айтуынша, оның ата-әжесі қазақ халқының кең пейіл, қонақжай екенін ұрпақтарына үнемі айтып отырған. Себебі қиын-қыстау кезеңде олар қазақтардың қамқорлығын көп сезген. Зұлмат жылдары арып-ашып, азып-тозып келген бір топ кәрісті жатсынбай, құшақ жая бауырларына тартып, қарсы алған қазақ жұртына ол мәңгі қарыздармыз дегенді де сөз арасында білдірді.
— Сөйтіп пәленбай шақырым жер жүріп келген ата-бабаларымыз қазіргі Әйтеке би мен Хромтау аудандарының ауылдарына қоныстандырылған. Алайда сол жылдары әскерилер жергілікті тұрғындарға бұларды «адамжегіштер» деп таныстырып, оларға көмектеспеу керектігін, аулақ жүрулерін айтқан. Дегенмен кең пейіл, дархан көңіл, бауырмал қазақтар олардың бір де бір сөзін елемеген. Қайта оларды құшақ жая қарсы алып, қолдарындағы барымен бөліскен. Қазақстанға аштықтан кейінгі ауыр жылдары қоныс аударған ата-бабамызға онсыз да ауыртпалықтан еңсе тіктеп үлгермеген қазақ халқының кеңдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-әжеміз біз ес білгеннен осы сөзді үнемі айтып отыратын, — деді Геннадий.
Геннадийдің әкесі Николай Югай мен анасы Надежда Ким бір ауылда, бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Олар Бөгетсайда бас қосқан. Әкесі сол кездегі Бөгетсай кеңшарының Амангелді аталатын №4 фермасын басқарған. Николай Югайдың ауылда алғаш Наурыз тойын тойлауға ықпал еткенін бүгінде көпшілік ауыз толтырып айтып та жүр.
Шаңырақтың кенжесі Гена қазақтардың ортасында еркін ержетеді. Амангелді ауылындағы қырыққа тарта үйдің баласы бір үйдің баласындай болып өскен. Осылайша қазақ тілін әбден меңгерген Геннадий Бөгетсай ауылында орта білім алған.
– Біз ауылда орыс, қазақ, шешен деп ұлтқа бөлінбедік. Ауылдың сай жағында шаштары өскен, алтын тісті бір адамдар қарбыз егетін. Оларды «кәрістер» дейтінбіз. Біз балалыққа салынып қарбыз ұрлайтынбыз. Бір күні «қылмыс» үстінде қолға түсіп, олар бізді тұзбен атты. Үйге келгесін әкеме: «мына кәрістер жаман екен, қарбыз үшін бізді тұзбен атты» дедім. Әкем күлді де «өзің кімсің?» деп сұрады. Содан кейін ғана өзімнің де кәріс екенімді ұқтым. Ол кезде он жас шамасында едім, – дейді Гена.
Бүгінде ислам дінін қабылдап, бес мезгіл намаз оқитын Геннадий анасымен бірге қасиетті Мекке қаласында кіші қажылығын өтеп те келіпті.
Қазір Геннадий жұбайы Светлана екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасының бала тәрбиелеудегі өнегесіне көпшілік сүйсіне қарайды. Бір қызығы, кәріс қызы Светлана екеуі қазақтың атастыру ғұрпымен шаңырақ көтерген. Кішкентайынан бірге өскен Геннадий мен Светлана балаларының қазақ тілін еркін меңгергенін қалайды. Домбыра үйірмесіне баратын кенже қызының түрлі байқаулардан алған жүлделері де жеткілікті.
Геннадийдің жеке кәсіпкерлігі бар. Ол қалааралық бағыттар бойынша жүк тасымалдау ісімен айналысады.
Ләззат ӘБДІРОВА