Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аудан аумағында бастау алды.
Жоба әлеуетін пайдаланып қаржылық сауатын ашуға және жетілдіруге ұмтылған ауданның 450-ге жуық тұрғыны өтінім рәсімдеп, тегін шеберлік курстарынан өтуде. Әсіресе, несие мерзімі бойынша мәселесі бар азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік екенін алға тартқан Amanat партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева алғашқы күні жобаның бас сарапшысы Ақмарал Айтжановаға және барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Amanat партиясының қолдауымен жүзеге асып жатқан маңызды жобаның басты мақсаты — кәсіптік білім игеру, қаржылай сауат ашу және қаржы ұйымдарына қарызы бар азаматтарға заңдық тұрғыда көмек көрсету. Сондықтан, білім беру жобасына қолдау көрсету арқылы осал топтардың қауқарын көтереміз, — деді ол.
Аталмыш жоба өткен жылы пилоттық жоба ретінде ұсынылып, тиімді тұстарымен ерекшеленген соң үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, жалпыхалықтық жобаға айнала білді. Мәселен, өткен жылы ауданымыздың 700-ден астам тұрғыны тиісті көмектермен қамтылып, қызмет алған адамдар үлесінің көрсеткіші бойынша облыста алғашқы орындарға жайғасқан.
Ал ауданға жауапты сарапшы болып тағайындалған Ақмарал Айтжанованың айтуынша, биылғы жылы да арнайы білім алуға қызығушылық танытқандар қатары кем емес.
— Халықтың басым бөлігі банктер мен қаржы ұйымдарынан төмендетілген пайызбен несие алуға құштар. Ал біздің міндет — сол несиелерді төлеуде қиындыққа тап болған жандарға қаржылық және құқықтық бағытта көмек беру. Сондай-ақ, кәсіп игергісі келетіндерге де бағыт-бағдар беру. Мәселен, биылғы курстың сабақ кестесінде кәсіптік бағыттағы тегін гранттарды ұту жолдары, қаржылық алаяқтармен күресу, қарыздар бойынша заңгердің тегін консультациясы ұсынылған, — деді бас сарапшы.
Курсқа қатысып жатқан алғашқы 90 адамның қатарында тұрақты табыс табуға ұмтылған Қопа ауылының тұрғыны Асхат Тілегенов жеке кәсіп ашу жолдарын зерттеу үшін арнайы тіркелген. Ол кәсіпті бастауда алдымен бизнес-жоспар болудың және оны жүйелі құрудың жолдарын меңгеріп жатқанын айтты.
— Ауылдық жерде тұрған соң, жиын-тойларда музыкалық аппаратураның қажеттілігіне көзім жетті. Өзім әнтайтқанды жақсы көремін. Сондықтан, әуезді үннің әдемі шығуы үшін техникалық тұрғыда қалай әрлеу керектігін білемін. Ендігі ойым осы курс арқылы кәсіп ашуды заңдастыру жолдарын толық меңгерсем, арнайы грант беретін жобаларға қатысқым келеді, — дейді талапшыл Асхат.
Айта кетсек, биылғы жылы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру мақсатында онлайн платформалар да қарастырылған. Үйінен түрлі себептермен шыға алмайтын жандар үшін бұл да бір шешімі табылған мәселе.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА