«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткізілген сенбіліктердің қорытындысы ретінде Хромтау қаласында жаппай санитарлық тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған сенбілікке аудандық және қалалық әкімшілік бөлімдері, барлық мекеме мен жергілікті кәсіпорын ұжымдары атсалысып, қала аумағын күл-қоқыстан тазалады. Екі айға созылған экологиялық акцияда аудан аумағында тазалық науқанынан бөлек, әр апта сайын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауларымен көшеттер отырғызу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, бұлақ көздерін ашу сияқты жұмыстар бекітілген іс-жоспарға сай жүйелі түрде жүргізілді.
Жаппай тазалық жұмыстарында Хромтау қаласы Самара-Шымкент тас жолының аумағын тазартуға жергілікті ірі кәсіпорын ұжымдары тартылды. Мәселен, «Восход Orіel» компаниясының атқарушы директоры Эрджан Чакмак 50-ден астам әріптесімен жол бойын тазалауда ерекше белсенділік танытты.
— Хромтау өңірінде еңбек еткендіктен тазалық жұмыстарына жауапты жандардың бірі екенімді сезінемін. Өз басым мұндай бастамаларды қолдаймын. Сондықтан, жұмысшыларымды ерітіп, тазалық жұмыстарына үлес қосуға келдім, — деді ол.
Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары мен жастар да білек сыба кірісті. Әсіресе, «Жасыл ел» жасағында жүрген аудан жастары тазалық жұмыстарына араласып, табыс тауып та жүр.
Жалпықалалық сенбілік жұмыстарында 3 арнайы техника жұмылдырылып, 45 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Еске сала кетейік, сенбілік маусымында қоқыс полигоны тегін қызмет көрсетеді.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА