ОРАЗА ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӘРТІБІ
Оразаның бірнеше түрі болатыны белгілі: парыз, уәжіп, нәпіл. Рамазан айындағы ораза — әр мұсылманға парыз етілген ораза. Парыз оразасын мұсылман қауымы хижраның екінші жылынан, ал қазіргі қолданыстағы күнтізбе бойынша 624 жылдан бастап ұстап келеді.
Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Ерік Қонақбайұлы Сұлтанов оразаны кімдер ұстауы керектігін айтты:
— Бәлиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әр мұсылман адам үшін рамазан айында ораза ұстау парыз болып есептеледі. Сапарда жүрген жолаушы, аяғы ауыр немесе емізулі сәбиі бар аналар және ашығу денсаулығына зиян саналатын науқас адамдар оразадан босатылады. Яғни, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғылықты жерінде болуы да шарт, — деді ол.
Ораза ұстау үшін, алдымен оған ниет етіледі. Әр күнгі ораза — өз алдына бөлек ғибадат, сондықтан әр күнге жеке-жеке ниет етіледі.
Ал сәресін (ауыз бекітер алдындағы ас) таң намазына дейін ішіп алу керек. Ақшам намазының уақыты кіргенде, дұға оқып, ауыз ашады.Биыл ораза 30 күнге созылады. Сәуірдің 10-ы — Ораза айт күні.
ОРАЗАНЫҢ ҚАЗАСЫ ҚАЛАЙ ӨТЕЛЕДІ?
Денсаулық жағдайына, сапарда жүруіне байланысты оразасын үзген адамдар оның қазасын соңынан өтейді. Мысалы, оразаның үзілген әр күні үшін бір күннен ораза ұсталады. Ал еш себепсіз, оразаны әдейі бұзған адам оның қазасын ғана емес, кәффаратын да өтейді. Кәффарат дегеніміз — 60 күн арасын үзбей ораза ұстау. Бұған әдейі бұзған күннің қазасын қоссаңыз, 61 күн ораза ұстау керек болады. Немесе 60 адамды тамақтандыру арқылы өтеуге де болады. Бірақ олар жәрдемге, көмекке шынайы мұқтаж адамдар болуы керек.
Ораза ұстауға денсаулығы мүлде келмейтін адамдар бұл парыз амалдың орнына підия берулеріне де болады. Підия — бір адамды күніне екі мезгіл тамақтандыру. Немесе қаржылай, яғни күніне екі мезгіл тамақтануға жететін ақша бере алады. Підия мөлшері биыл 3 400 теңге болып белгіленген. Отыз күнге — 102 мың теңге.
Өткен жылғы оразаның ұсталмай қалған күндерінің қазасын өтей алмаған, оған денсаулығы жетпеген жағдайдада оны підиямен өтеуге болады.
Підияны мұқтаж адамға тамақпен не қаржылай қолма-қол апарып бересіз немесе мешіттерге беруіңізге болады.
БЕРЕКЕЛІ АЙ
Рамазан айының ерекшелігі парыз оразасымен ғана байланыстырылмайды, бұл — қайырымдылық, мейірімділік істердің, яғни Жаратушыға жақындау жолындағы барлық ниет пен қадамдардың сауабы еселенетін берекелі ай. Рамазан — тірлік соңында тыным таппай жүрген пенденің бір сәт тыныс алып, өмірдің шынайы мән-мағынасы, жақсы мен жаманның арасы туралы ойлануы, жан-дүниесін кірден тазартуы үшін берілген тылсым уақыт.
Бұл айда жақсылық істеумен көбірек айналысу абзал саналады. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы биылғы рамазанда бірқатар ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр. Бас имам Ерік Сұлтанов аудандық мешіттің де осы қайырымдылық акцияларының аясында көптеген істерді жоспарлап отырғанын айтты.
— Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасап, қасиетті айдың құрметі үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды. Кәсіпкерлеріміз қасиетті рамазанды берекелі өткізуге өз үлестерін қосады деп үміттенеміз, — деді бас имам.
Сондай-ақ ол:
— Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза — тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін» — деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық! — деп баршаны игі істерге шақырды.
Осы айда әр мұсылманға уәжіп болған садақа — пітір садақасы да беріледі. Оның мөлшері биыл 2 келі ұн бағасымен есептеліп, жан басына 640 теңге деп белгіленген. Пітір садақаны да мұқтаж жанға, көмекке зәру отбасыларға немесе мешітке беруіңізге болады. Пітір садақасы рамазанның алғашқы күнінен бастап, Ораза айт намазына дейінгі уақытта берілуі керек.
Бас имамның айтуынша, жалпы көпшілік үшін пітір садақаның мөлшері орташа алғандағы ұнның бағасымен есептеліп бекітіледі. Алайда ауқатты адамдар оны 2 келі мейіз немесе сол мөлшердегі құрманың бағасымен берулеріне де болады.
Ал мың айдан да қайырлы саналатын Қадір түні биыл сәуірдің 5-інен 6—сына қараған түнге сәйкес келеді.
СҰРАҢЫЗ ДА, БІЛІҢІЗ
Рамазан айын мағыналы өткізу, оразаны өз тәртібімен ұстау және осы айдағы басқа да амалдарға қатысты жұрт көкейінде сауалдар көп. Аудандық орталық «Нұр» мешіті жанынан осыған орай сall-орталық іске қосылды. Мұнда әр күні сағат 10.00 мен 20.00-дің аралығында тұрғындар сауалдарына жауап беріледі. Орталыққа 8 (71336)-21—1-45 байланыс нөмірі арқылы хабарласа аласыз.
Баршаңызға: «Рамазан айындағы дұға-тілектеріңіз, ұстаған оразаларыңыз қабыл болғай!» — дейміз.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА