«JasAqtobe» деп аталатын қоғамдық қордың ақпараттық түсіндіру тобы аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесудегі басты міндет пен мақсат ортақ. Ол идеологиялық тұрғыдан ескірген ауыл мен елді мекен атауларын жаңарту бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мен қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және сауаттылығын арттыру жұмыстары екен. Аудан тұрғындары мен ақсақалдар бас қосқан келелі кездесуде аталмыш қоғамдық қордың басшысы Асқар Кабиев, тіл маманы Гүлнар Кабиева, тіл жанашыры Зейнулла Елшібаев пен қоғам белсендісі, үкіметтік емес ұйым өкілі Мұрат Жакиевтер қатысып, аудандағы ахуал жайлы пікір алмасты.
Кездесуге келген сала мамандарының айтуынша, демографиялық өсімге байланысты қазақ тілін қолданатын халықтың саны артуда. Алайда қолданылу аясында көптеген қателер жіберіледі екен. Мәселен, кәсіптік нысандарда, билбордтар мен жарнамалық маңдайшаларда орфоэпиялық қателіктер, тура аудармалар жиі кездесетін көрінеді. Ал, «JasAqtobe» қоғамдық қорының мүшелері тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, талдау және түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді екен.
-
Кез-келген көлемдегі мәтіндерді аудару, сауаттылығын тексеру жұмыстарын тегін жасап беруге дайынбыз. Біздің басты мақсат ана тілімізді сауатты қолдану және заңды түрде қорғау. Ал анамастика мәселесіне келер болсақ, көптеген ауылдардағы көше аттарының идеологиялық тұрғыда ескірген көшелерді тіркеп, жергілікті тарихи атауларын немесе тұлғалардың есімін беру жұмыстарына белсене кірісіп жатырмыз,- деген Гүлнар Кабиева қоғамдық жұмысқа белсене араласуға шақырды.
Жиында аталған іс-шаралардан бөлек, ардагерлер ұйымының ақсақалдары ана тілін жас ұрпаққа үйрету мәселесін көтерді. Жас буынның заман талабына тез бейімделуі ұлттық құндылықтарымызға кері әсері барын жасырмады. Әсіресе, қазақ тілін шала меңгеріп, бір-бірлерімен өзге тілде шүйіркелесетініне жандары ашыған ақсақалдар алдымен осы мәселе бойынша жұмыстануды ұсынды.
Ата заңымызда көрсетілгендей зайырлы мемлекеттік жүйе, таңдау еркіндігі секілді азаматтық құқықтар айқындалғанымен мемлекеттік тілді білу және сол тілде сөйлеу әр отандасымыздың міндеті деп шегелеген сала мамандары тілдің құрметтелуі жөнінде де айтып өтті.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА