"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ҚҰДЫҚСАЙҒА ГАЗ КЕЛДІ немесе 79 жыл күткен қуаныш

Құдықсай — аудандағы да муы кенжелеп қалған елді мекендердің бірі. Кеңес замынында атағы одаққа әйгі болған Құдықсай еңбек ерлерінің ұстаханасы іспеттес болатын. Тоқсаныншы жылдары құдықсайлықтар үдере көшті. Құрылғанына 79 жыл болған ауылдың бүгінде тұрмысы қайта түзеліп келеді. Соның айғағы — көгілдір отынның берілуі. Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Құдықсай ауылының тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

—Бұл — тарихи сәт. Осындай ірі жоба облыс әкімінің қолдауымен, ауылдың белсенді азаматтарының араласуымен іске асырылып отыр. Газдың келуі — ауылдың дамуына оң серпін беретініне сенім мол. Қазір ауылдағы 58 үйде 226 адам тұрады. Алдағы уақытта халық саны өсіп, қоныс аударғандар қайта көшіп келеді деген ойдамыз. Аталмыш жобаның іске қосылуымен Хромтау ауданы халқының 99,7 пайызы газбен қамтылып отыр. Бұл — өңірдегі аудандар арасындағы жоғары көрсеткіш. Аудандағы 28 елдімекеннің 23-і көгілдір отынды пайдаланады. Қалған 5 ауылда 50 адамнан кем тұрады. Биылғы жылы Қарлау және Құдықсай ауылдарына газ келді. Елді мекендердің санына шаққанда 92 пайызы газ құбырына қосылған. Ауызсумен қамту бойынша да алдыңғы қатардамыз, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

 

 

 

 

 

 

Айта кету керек, жалпы ұзындығы 27,5 шақырымдық газ құбырын «Арай-НС» ЖШС жүргізген. Жобаның құны — 423,7 миллион теңге.

— Бұрын ауыл халқын отын мәселесі қатты алаңдататын. Кем дегенде 5 тонна көмір сатып алатынбыз. Көмірдің бағасы да жыл сайын өсіп бара жатыр. Міне енді сол қиыншылықтан арылып жатқан жайымыз бар. Бірнеше жыл бұрын ауылға ауызсу тартылған еді. Қазіргі таңда кіреберіс жол да жөнделіп жатыр. Халықтың тұрмысын түзеу жолында талмай еңбек етіп жүрген облыс, аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Сонымен қатар вице-министр Аманғали Бердалинге ерекше алғыс айтқым келеді. Мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде аудан орталығында екі рет қабылдауына барып, ауылдастарымның атынан газ мәселесін көтергенмін. Ол өз тарапынан ықпал етуге сөз берген еді. Құдықсай ауылының халқы атқамінер азаматтардың бірлескен еңбегінің жемісін көріп жатыр, — деп ауыл тұрғыны Сүйінғали Жәкібаев қуанышымен бөлісті.

Салтанатты шара соңында ауылдық округ әкімі Қасым Жұмабай облыс басшылығы мен халық қалаулыларының алдында газ мәселесін көтерген Сағынхан Мұқанов, Жүсіпбек Батырғалиев, Қуаныш Біржанов сияқты қоғам белсенділерін жерлестеріатынан марапаттап, сыйлық табыстады.

Қуандық РАҚЫМ

ПІКІР ЖАЗУ