"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Құқық

МЕДИАЦИЯ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ НЕГІЗІ

ҚР Азаматтық процестік заңнамасында даулар мен жанжалдарды шешудің және реттеудің баламалы тәсілдері көзделеді. Олардың бірі – медиативті келісім.

Заң шығарушы АПК-де істің дауын медиация арқылы реттеу мүмкіндігін көздей отырып, медиативтік келісім жасасу арқылы дауларды реттеу мәселелеріне үлкен мән береді.

Медиация дауды жеңілген тарап болмайтындай етіп реттеуге мүмкіндік береді. Медиация құқықтық дауларды реттеудің дербес тәсілі ретінде бейтарап делдалдың (медиатордың) қатысуымен келіссөздердің ерекше түрде ұйымдастырылған рәсімін білдіреді, ол тараптарға құқықтық дауды реттеу шарттарын талқылауға және өзара тиімді шешім қабылдауға жәрдемдеседі.

Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Қазіргі уақытта сот органдарында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер кеңінен қолданылады, оларды кейіннен сот бекітеді.

Сот практикасында істі сот талқылауына дайындау процесінде, сот отырысында судья тараптарға құқықтарды түсіндіру кезінде олардың дауды медиация тәртібімен реттеу ниеті туралы пікірін анықтайды.

Медиацияны жүргізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сотта медиация «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және АПК-де белгіленген ерекшеліктерге сәйкес жүргізіледі.

Тараптардың өтінішхаты бойынша сот медиация рәсімін кейінге қалдыруға және егер олардың қатысуы дауды реттеуге ықпал ететін болса, басқа адамдарды медиацияға шақыруға құқылы.

Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалған жағдайда, ол сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.

Кез келген дау кезінде медиаторды тартуға болады. Медиацияның артықшылығы – бұл тығырықтан шығудың жолын табуға мүмкіндік береді.

Медиация өзінің лайықты орнын тапқан шет елдерде адамдар арасындағы өзара қарым‑қатынас, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы, халықтың әл-ауқаты – бұл үкіметтің қызметі қалануға тиіс негіздер екенін түсінеді.

Татуластыру рәсімдерінің басты мақсаты – екі тарапты қанағаттандыратын және жанжал деңгейін төмендететін өзара тиімді және бейбіт келісімге қол жеткізу.

Сот ісінен айырмашылығы, дауды тараптардың татуласуымен реттеу кезінде «кінәлі» немесе «кінәсіз» тараптар болмайды. Өйткені құқықтың осы саласының қағидаттары жауапкершілікке тартуды емес, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация істі мүмкіндігінше сотқа жеткізбеуге тырысады.

Оның тағы бір артықшылығы — уақытты үнемдеу. Сот бірнеше айға созылуы мүмкін мәселенің ұзақ шешімін болжайды.

Сотта тараптар бір‑біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация кезінде – ынтымақтасады.

Судья тағайындалады, ал медиатор таңдалады.

Судья шешімді заңға қатаң сәйкестікте, ал медиатор – тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң шеңберінде қабылдайды.

Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені орындау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Іс бітімгершілік келісіммен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған жағдайда талап қою кезінде төленген мемлекеттік баж қайтарылуға жатады.

А.Бралинова, Хромтау аудандық соты әкімшісінің бас маманы сот отырысының хатшысы

ПІКІР ЖАЗУ