"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Құқық

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕГІ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 Заңының 13-бабына сай, Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №13 Нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.

Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

Соттарда іс жүргізу мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде өтеді. Яғни сотқа арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Аудармашымен қамтамасыз ету кезінде кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, кәсіби аудармашының қатысуын қамтамасыз ету дұрыс аударма жасалмалғаны үшін аудармашыға қарсылықтар жариялануы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы немесе сотқа арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында тараптың өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі.

Сондықтан сотқа арызбен жүгінген кезде арызды қай тілде жазу және іс жүргізу тілін таңдау азаматтардың өз қолында. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту және оған өз үлесін қосу әр адамның өз қолында.

Қазақ тілі – рухани негізіміз. Біздің міндетіміз оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған.

Бүгінгі таңда елімізде сот жүйесінде мемлекеттік тілге қойылатын талаптар өте жоғары. Соттардағы құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ішкі ұйымдастырушылық құжаттар – өкімдер, анықтамалар, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде жүргізіледі. Соттардың басқа мемлекеттік мекемелерге сұраулары және тағы басқа хаттары тек мемлекеттік тілде жолданады.

Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесіне аса зор назар аударылып, қоғамдық және саяси маңызға ие болып отыр. Тіліміздің мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дамуына Қазақстан Республикасының әр азаматы өз үлесін қосуы қажет.

Нұрғали Медетов, Хромтау аудандық сотының судьясы

ПІКІР ЖАЗУ