АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада ел ішінде жасалып жатқан реформалар нәтижесі жөнінде пікір білдірді.

– Құрметті отандастар! Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алу қажет екенін баса айтты.

– Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.
Президент бұл күн – қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін айтты.
