«Аmanat» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Хромтау ауданы тұрғындарына көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Кездесуге заңгерлер, нотариустар, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары, мәслихат хатшысы, басқарма және бөлім басшылары, жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Қоғамдық қабылдауға бас-аяғы жиырмадан астам адам келіп, өтініш-тілегін білдірді. Олардың арасында алимент өндіру, қамқоршылық құқығын алу, әке құқығынан айыру және жалақыларын алу мәселесімен келгендер бар.
Мәселен, 4 балалы ана бұрынғы күйеуінен 6 жылдан бері алимент өндіре алмай жүр. Бірнеше рет сот орындаушыларының алдына барғанымен жұмысы бітпеген. Ол соңғы үмітін арқалап, партияға келді. Қоғамдық қабылдау жүргізген заңгерге өзі жұмыс жасамайтынын, кіші баласы мектеп жасына жетпегенін айтып, алимент өндіру бойынша көмек сұрады. Заңгердің көмегімен жетіспейтін құжаттарын түгендеп, сотқа жүгінетін болды.
Сондай-ақ ақтөбелік бір топ құрылысшы Хромтау ауданындағы компаниядан екі айлық жалақысын ала алмай жүр екен. Бригадирі Руслан Жолдыбаев адвокаттың көмегіне жүгініп, заңгерлік кеңес алды. Компаниямен арадағы келісім-шарттың қосымшасын түгендеп, сотқа шағымданатын болды.
Қызылсу ауылының тұрғыны Алмас Ілиясов болса мал шаруашылығымен айналысу үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алу қамымен жүр. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Хромтау аудандық филиалының директоры Ұлан Жаналдин кеңес берді.
– Жеңілдетілген несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлкімді нотаруис арқылы куәландырмаған екем. Бар гәп осыда болыпты. Бүгін кемшілігімді анықтап, қоғамдық қабылдауға келген нотариус арқылы жұмысымды бітіретін болдым. Осындай қабылдаулар арқылы көптеген адамның мәселесі шешілді. – деді ол.
Партияның Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаеваның айтуынша, жыл басынан аудан бойынша 4 мәрте көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілген. Партиялықтар шалғай ауылдарға барып, ауыл тұрғындарына кеңес берген.
«Хромтау-ақпарат»