"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

ЖАСҰЛАННЫҢ ЖЕҢІСІ!

Кеншілер мәдениет үйінде өткен «Еркелей аққан Ор өзені» ХV дәстүрлі ән байқауы бұл жолы республикалық деңгейде өз жалғасын тапты.

Шараны ұйымдастыруға аудандық мәдениет үйі мұрындық болды. Көмейіне ән қонған бұлбұлдар додасына Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарымен қатар өңіріміздің аудандарынан іріктелген 8 қатысушы байқау талаптарына сай 2 кезең бойынша бақ сынады. Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов шараның маңызы жайлы айтып, болашақ өнер жұлдыздарының қадамдарына сәттілік тіледі.

Конкурста ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония мен Өнер орталығының әншісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жұлдыз Нұрқасымовамен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, сазгер Сейсен Айтжановтар қазылық етті. Вокалистер алғашқы кезеңде музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен немесе шағын ансамбльдің көмегімен қазақ композиторларының бір әнін орындаса, келесі кезеңде елімізге белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің репертуарынан таңдаулы туындыларды орындады. Жарысқа қатысушылардың арасында жерлесіміз Нұрболсын Асылбек те аудан намысын абыроймен қорғап шықты.

— Ән айту бала кезімнен қалыптасқан сүйікті хоббиім. Бүгінгі күнге дейін вокалмен кәсіби түрде шұғылданған емеспін. Алайда ән байқауларына жиі қатысып тұрамын. Аталмыш конкурсқа алғаш рет қатысып тұрмын. Сондықтан маған артылған жүк пен жауапкершілікті сезініп, сахнада қобалжымай орындап шығуға тырысамын. Бұл қабілетімді әрі қарай дамытсам деген ойдамын, —  деді Нұрболсын.

Ән байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені Қарғалы ауданынан келген Жасұлан Жұмабаев жеңіп алса, бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Рүстем Ақшатаев иеленді. Ақтөбе қаласынан топқа қосылған Дильназ Қуанышева жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал, қос қоланы Атырау облысынан келген Айбар Санбаев пен жерлесіміз Нұрболсын Асылбек иемденді. Көрермен көзайымы номинациясымен қызылордалық өнерпаз Ержан Нұрғожаев марапатталды.

Шара соңында сөз сөйлеген әділқазылар мүшелері аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне зор алғыстарын жеткізді. Ән байқауының маңызы мен мағынасы жайында сөз қозғады.

— Кеншілер елі өнерпаздарға кенде емес. Өнерді де жоғары бағалайды. «Еркелей аққан Ор өзені» кітабының авторы Қызмет Нұралиннің атын өлтірмей жаңғыртқан елдің ықыласына алғыс білдіремін. Аудан орталығында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, келер жылы осы байқауды сол жаңа зәулім сахнада өткізуді бұйыртсын, — деді Нұрлыбек Жұбатқан.

ПІКІР ЖАЗУ