"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениетСпорт

МАҚСАТЫМ ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРАТЫН СПОРТШЫЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ

1984 жыл. Әлемде аэробиканың қарқынды түрде дамыған кезеңі. Көпшілікке ұнамды жаттығу үйірмелері Кеңес Одағының ірі қалаларында ашылды.  Аталған спорт түрі ауданымызда да кеңінен қанат жайды. Жаңашыл бағытпен бірге өңірдегі бұқаралық спортқа тың серпіліс алып келген жаттықтырушының есімі де аудан жұртшылығына таныла бастады…

Сәуле Болатова  –  ауданымызда аэробика сабақтарын алғашқы болып өткізе бастаған жаттықтырушы,  ел намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғай білген оқушыларды тәрбиелеген ұстаз.

Ол 1954 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Рузаев ауданында дүниеге келген. Әкесінен салауатты өмір салтын ұстанудың озық үлгісін көріп, спорт атаулысына жақын болып өскен. Мектепте гимнастика үйірмесіне қатысып, аудандық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Бос уақытында  халық емін жетік меңгерген әжесінен науқастарды емдеу жолдарын үйреніп, 1970 жылы Көкшетау медициналық училищесіне оқуға түскен.

-Әкем мүлде басқа салада қызмет етсе де, спортқа жақын еді. Күн сайын жұмыстан кейінгі уақытта жаттығатын. Ол маған спортпен айналысудың маңыздылығын түсінуге көмек берді. Сондықтан, алғашында болашағымды қызығушылығыммен байланыстыруды жоспарладым. Алайда, уақыт өте келе ойымды өзгертіп, медицина саласын таңдадым. Оған әжемнің талай науқасқа көмек берген сәттеріне куә болғаным әсер етті. Оның үстіне, дәрігерлерді көргенде ерекше тәнті болатынмын. Училищеде қу оңай болмады. Дегенмен гимнастикамен шұғылдануға уақыт тауып жүрдім. Жалпы, қай уақытта, қай жерде болмасын жаттығуды тастаған емеспін, — дейді С. Болатова.

Ол 1974 жылы училищені ойдағығыдай аяқтап, еңбек жолын Сарыбұлақ ауылындағы медициналық пунктте жедел жәрдем қызметкері болып бастайды. Науқастанған ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аса күрделі жағдайға ұшыраған жандарды орталық ауруханаға жеткізіп отырды.

-Жедел жәрдем қызметінде жұмыс жасағанымда күн сайын түрлі жағдайлармен бетпе-бет келетінмін.  Әсіресе, ауыр жарақат алған зейнеткер есімде ерекше сақталып қалды. Ол жем-шөп тарту құрылғысының орнын ауыстырмақ болғанда құрылғы аяғын іліп алып кеткен еді. Оған алғашқы көмек көрсетіп, тез арада дәрігерлерге жеткіздік. Зейнеткердің өмірін сақтап қалдық. Бірақ өкінішке орай, ол аяғынан айырылып қалды, — дейді ол.

Тәжірибелі маман ауылда бес жыл бойы табысты қызмет еткеннен кейін Хромтау қаласына көшіп келіп, «Еуразия» медициналық орталығына жұмысқа орналасады. Орталықта дертке шалдыққандарға емдік массаж жасап, емдік дене шынықтыру жаттығуларын өткізді. Қызметімен қатар, спортпен айналысуға көңіл бөліп, оның әралуан түрлерін үйренді. Сөйтіп, Хромтау қаласының қыз-келіншектеріне аэробика сабақтарын өткізе бастады. Бұл – өңірдегі әйелдер спортының дамуына ықпал етіп, игі бастамаларға жол ашты.

-1984 жылдары «Аэробиканың анасы» атанып кеткен америкалық белсенді Джейн Фонданың тегін шеберлік сыныптары кеңінен танылған еді. Олар теледидардан жетісіне үш рет көрсетіліп, әлем бойынша көптеген нәзік жандылар аэробиканы меңгерді. Солардың қатарында мен де болдым. Сәл уақыт өте келе басқа да әйелдермен жиналып, бірге жаттығуды әдетке айналдырдық. Осылайша, алғашында 20, кейін 90 адам менің сабақтарыма келіп жүрді. Оған дейін әйелдерде спортпен шұғылдану мүмкіндігі болмаған еді. Өйткені, жаттығу залдарының, спорт үйірмелерінің барлығы ерлер үшін жұмыс жасайтын. Сондықтан болар, сабақтарға келушілердің саны күннен күнге артып отырды. Кейін балаларды қалдыратын орын болмағандықтан, олар да аналарымен бірге жаттығуға келіп, отбасылық топтар құрала бастады, — дейді спортшы.

Кейіпкеріміз медицина саласында он жылдан астам жемісті еңбек етіп, жұмыстан кейінгі уақытта аэробика сабақтарын жүргізуді қолға алды. Ал, 1995 жылы түбегейлі спорт саласына ауысуға шешім қабылдап, орталық стадионда ересектерге аэробиканы, балаларға гимнастиканы үйретіп жүрді. Жаңалыққа жаны құмар ұстаз еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарында шеберлік-сыныптарынан өтіп, білімін жетілдіріп отырды. Атап айтсақ, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында хареография сабақтарын оқып, Қазақ спорт және туризм академиясында гимнастиканың заманауи түрлерін игерді.

Ұдайы даму үстінде жүріп, кәсіби деңгейін жетілдірген ол араға жеті жыл салып, сауықтыру кешеніне спорт нұсқаушысы ретінде жұмысқа орналасты.  Бұнда балаларды гимнастикаға баулуды жалғастырып, әйелдерге «шейпинг» деп аталатын гимнастиканың жаңа түрінен жаттығулар ұйымдастырды.

2002 жылы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балаларды алғашқы облыстық байқауға алып барып, бес мәрте І орынға ие болады. Үш жыл қатарынан облыстық сайыстарда жеңімпаз атанып, Мәскеу, Италия, Испанияның спортшылары қатысқан Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Ақкөгершін» байқауында І орынды қанжығасына байлап, алдағы уақытта да үздік үштіктің қатарынан көрінуді дәстүріне айналдырды. Өзгелерден бөлекше қойылымдарымен көзге түсіп, Италия, Испания, Солтүстік Македония елдеріндегі сайыстарға қатысуға шақырту алды.

-Бағдарлама бойынша гимнастика сабақтары аптасына үш рет бір жарым сағаттан өткізілуге тиіс болатын.  Бірақ оқушыларым да, мен де дайындық барысына жан-тәнімізбен беріліп, төрт сағаттан жаттығатынбыз.  Гимнастиканың жаңа қимыл-қозғалыстарын қосып, ерекше сахналық қойылымдарды жасауға ұмтылатынбыз. Нәтижесінде тек қана бірінші орындарды жеңіп жүрдік. Шет елдерден де шақырту алып, өнерімізді көрсетпек болғанбыз. Алайда, қаражат жетпегендіктен, бұл ойымызды жүзеге асыра алмадық, — дейді жаттықтырушы.

Сәуле Болатованың жаттықтырушы ретіндегі тағы бір ерекшелігі – оның әр спортшының денсаулығына айрықша мән беруінде. Ол медициналық білімінің арқасында балалардың күрделі қойылымдарға дайындығы кезінде жарақат алып қалмауын қамтамасыз ете алады. Әр жаттығудың баланың жетілуіне қауіпсіз екенін тексеріп, мұқият болуды басты назарда ұстайды.

Ол  сауықтыру кешенінде он тоғыз жылдан астам жұмыс жасап, өткен жылы зейнетке шықты. Дегенмен белсенді өмір салтына үйренген ұстаздың әлі де армандары асқақ, мақсаттары айқын. Қазіргі таңда ол жеке гимнастика үйірмесін ашып, болашақ әлем чемпиондарын тәрбиелеуде.

-Үйірмеде жиырмадан астам қыз бала бар. Олар жақында Алматы қаласында өткен «Танцуют все!» байқауында І орынға ие болды. Бүгінде тыңғылықты дайындық үстіндеміз. Өйткені, жоспарымызда Турция, Дубай қалаларындағы жарыстарға қатысу бар. Мақсатым – әлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асырытын спортшыларды дайындау, — дейді хареограф-ұстаз.

Жанел Нұрболатқызы

ПІКІР ЖАЗУ