"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай аудандағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында волейбол және үстел теннисінен ашық турнир ұйымдастырылды.

Аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов іс-шараның ашылу салтанатында бұқаралық спортты дамытудың бір тәсілі — мемлекеттік қызметкерлердің бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтына бейімделу екенін айтты.

Қос спорт түрінен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы додаларда аудан құрамасының жеткен жетістіктері аз емес. Облыстық спартакиадаларда волейбол, теннис, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен алдыңғы қатарда жүрген жерлестеріміз аудандық деңгейдегі жарыстың көркін қыздыра білді. Жарысқа қатысқан аудандық білім, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдері, орталық аурухана құрамасы, аудан әкімдігі атынан шыққан командалар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасымен терезесі тең ойын көрсете білді. Мәселен, үстел теннисінен ерлер арасында жүлделі үшінші орынды аудан әкімдігі құрамасының ойыншысы Арман Досмамбетов қанжығаласа, екінші орынға төтенше жағдайлар бөлімінің ойыншысы Бахтияр Абдуразақов қол жеткізді. Ал жарыс жеңімпазы — білім бөлімінің ойыншысы Нұрсұлтан Қайырқұлов атанды. Сондай-ақ қыздар арасында полиция бөлімінің қызметкері Айгерім Айғалса үшінші орынды қанағат тұтса, ақтық сында сүрінген білім бөлімінің ойыншысы Бақытгүл Сәтмағамбетова күміс жүлдегер, аудан әкімдігі атынан шыққан ойыншы Айдана Қыртас жарыс жеңімпазы атанды.

Жарыстың екінші бөлігі волейбол спорт түрінен жекелей сында көзге түсіп, үздік атанған ойыншылар қатарында үздік қорғаушы — Азиза Қожабаева (полиция бөлімі), үздік байланыстырушы — Ұлықбек Қалиолла (білім бөлімі), Нұртілек Бозғұланов (аудан әкімдігі/Бжсм) үздік шабуылшы атанды. Волейбол ойынының қорытындысы бойынша аудан әкімдігі командасы қоланы қанағат тұтса, екінші орынды полиция бөлімі құрамасы иеленді. Білім бөлімі қызметкерлері жеңімпаз атанды. Жалпы командалық есепте полиция бөлімінің құрамасы жүлделі үшінші орын, аудан әкімдігі командасы екінші орын және білім бөлімі қызметкерлері бірінші орынға ие болды.

Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы кубокпен марапатталды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

 

ПІКІР ЖАЗУ