"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

МҰРАЖАЙҒА ЖАҢА ҒИМАРАТ КЕРЕК

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуге кітапханашылар, мұрағат мамандары және аудан өнерпаздарымен бірге сала ардагерлері де төбе көрсетіп, аудан басшысына ұсыныс-тілектерін айтты.

Жиында аудандық мәдениет үйінің басшысы Арман Жиеналиев өткен жылды қорытындылап, халық назарына ұсынылған ауқымды жобалар туралы баяндады. — Алдағы атқарылатын жұмыстарымызды Ақтөбе қаласының 155 жылдығы, Хромтау аудандық мәдениет үйінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған іс-шаралар және келер жылы Хромтау ауданының 90 жылдық мерейтойын атап өту секілді мәдени шараларды ұйымдастырумен жоспарладық,— деді ол.
Кездесуде Нұрхан Тілеумұратов аудан төңірегіндегі аталмыш сала бойынша атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар барысын атап өтті. Солардың қатарында аудан орталығындағы мәдениет үйінің құрылысы айтылды. Сондай-ақ ағымдағы жылы бірқатар ауылда мәдениет нысандарының күрделі жөндеуден өтетінін және техникалық базасы жаңаратынын жеткізді. Одан бөлек аудандық кітапхана мен мұрағат және музыкалық мектептердің басты мәселесі — ғимарат тапшылығы аталмыш нысанның құрылысы аяқталса, бұл проблема да шешімін таппақ.
Мәдениет саласының ардагері Болат Ашабаев сөз арасында қызмет атқарған жылдарын еске түсіріп, жас ұрпаққа өнегелі сөздері мен батасын берді.
Кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысты. Аудан әкіміне қойылған сұрақтар мен ұсыныстар қатары көп болды.
— Мәдениет саласында қызмет еткеніме 17 жылға жуық уақыт болды. Бұл саланың айналасында қордаланған мәселелер өте көп. Оны өзіңіз де кітапхана, мұражайды аралау барысында байқаған боларсыз. Мұражай саласы бойынша алдымыздан біраз жобалар өткен болатын. Алайда оның барлығы тек көзімізден бұлбұлдай ұшты. Ендігі тілегіміз — алдағы уақытта осы бастама аяқсыз қалмаса екен дейміз. Өйткені, алыс-жақын шетелден келетін қонақтар, сырттан келіп жұмыс істейтін азаматтар мұражайға бас сұққанда, ұялатын күйге жеттік. Себебі, ауданымыздың тарихын бедерлейтін тарихи-табиғи ескерткіштерін насихаттау үшін көшпелі мұражай да ұйымдастырамыз. Аудандық мұражай облыс басқармасына қарағандықтан, ғимарат мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай тұрғаны сізге де мәлім. Бұл — бірінші мәселе. Келесі кезекте ғимарат болмағандықтан күзетшінің жоқтығы да алаңдатады, — деді мұражай директоры Нұргүл Аманғалиева.
Бұл мәселелерге қатысты аудан басшысы:
— Ұсыныстарыңыз өте орынды. Ғимарат мәселесін сөзімнің басында атап өткендей, аудандық мәдениет үйінің құрылысы аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Алпауыт ауданның мұражай қоры да жеткілікті. Атқарылып жатқан жұмыстарыңызға да алғыс білдіремін. Көшпелі мұражай көрмелеріне аудандық мәдениет үйінің көлігін алып, бірлесе жұмыстансаңыздар болады. Сіз атаған мәселелердің барлығы уақыттың еншісінде, — деді аудан басшысы.
Ауылдық кітапханашылардың басты мәселесі — кадр жетіспеушілігі. Бұл проблема да кездесу барысында айтылды. Ақжар және Дөң ауылының кітапханашыларынан басқа 14 кітапханашы жарты еңбекақысымен жұмыс істеп келген. Сала мамандары толық штатқа өту мәселесін ұсыныс ретінде көтерді. Өз кезегінде аудан басшысы бұл мәселенің шешілуіне бар күш-жігерін салатынын айтты.
Одан бөлек аудан басшысы жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылдардағы мәдениет үйлерінің материалдық базасын толықтыру және кітапханадағы оқырман санын көбейту төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

ПІКІР ЖАЗУ