"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Денсаулық

ОРТАЛЫҚҚА ЖАҢА ТІС ЕМДЕУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ӘКЕЛІНДІ

ERG құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатының «Евразия» медициналық орталығында ескірген стомотологиялық төрт жабдық жаңаланды. Инвестициялық бағдарлама аясында сатып алынған жабдықтар — жаңа технологияға негізделген соңғы үлгідегі қондырғылар. Қазіргі таңда медициналық орталықта бес тіс емдеу жабдығы жұмыс істеп тұр.

Қызметкерлердің денсаулығын сақтау, олардың денсаулығына келетін қатерді төмендету мен алдын алу және кәсіби аурулардың алдын ала анықтау — кәсіпорында тұрақты атқарылатын жұмыстың басым бағыттарының бірі. Аталған міндеттердің ішінде тіс дәрігерінің көмегіне жүгінетіндер де жетерлік.

Негізі кез келген медициналық жабдық сегіз-он жылда жаңартылып отырады. Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айында орталыққа жоғарыда аталған жабдықтар жеткізілген болатын. Қондырғылар тек стомотолог-терапевтер үшін ғана емес, сонымен қатар стомотолог-ортопед мамандарына да арналған. Қазіргі таңда стомотолог-терапевтерге үш жабдық бөлінген болса, біреуі стомотолог-ортопедтің бөлмесіне орнатылды. Бұл жабдықтармен ауыз қуысына алғашқы көмек, тіс емдеу, тіс жұлудың барлық түрі, тіс тасын тазалау секілді процестерді жүргізуге болады. Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда орталықта тіс дәрігерлері де жеткілікті. Төрт стомотолог-терапевт, оның біреуі қосымша стомотолог-хирург міндетін атқарса, бір стомотолог-ортопед және екі тіс емдеу технигі бар.

Жыл басталысымен жаңа жабдықтар іске қосылып, мамандар тістерін емдеуге келген Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларына қызметін кеңінен көрсетіп жатыр. Тіс дәрігеріне дүйсенбі-сенбі күндері аралығында жазылуға болады. Сондай-ақ қазір Qollab қосымшасы арқылы медициналық орталыққа келмей-ақ, жұмыста немесе үйде отырып, дәрігер қабылдауына жазылу мүмкіндіктері барын тағы бір еске саламыз.

Сонымен қоса, әр жұмысшыға медициналық қызметтер алу мақсатында бөлінетін сома мөлшері 60 мың теңге болса, бұл сома тек дәрі-дармек пен стоматология қызметтерін алған жағдайда ғана шегеріледі. Қалған жағдайларда мысалы, дәрігер қабылдауында немесе талдау тапсыру кезінде, болмаса УДЗ-ден өткен жағдайларда бөлінген қаражат сол күйі сақталады.

— Бүгінде ERG мен «Евразия» медициналық орталығы басшылығы жұмысшылардың  денсаулығына көңіл бөлуде. Жоғарыда айтқандай, медициналық  қондырғылар жыл сайын жаңартылып жатыр. Дәрігерлердің де саны артып келеді. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында оларды арнайы семинарлар мен оқытуларға жіберіп тұрамыз. Өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, орталыққа ем іздеп келгендерге сапалы қызмет көрсетсе,  біздің жетістігіміз сол болмақ, — деді бас дәрігер Дархан Шампиков.

 

Арайлым ҒАНИ.

Алексей Пименовтың суреті.

ПІКІР ЖАЗУ