⚡️Мемлекет басшысы: «Елімізде қажырлы еңбегінің арқасында нағыз еңбек адамы атанған азаматтар өте көп»
«Бүгін арамызда Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов отыр. Ол 45 жылға жуық табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Майталман механизатор жас мамандарға жол көрсетіп, мол тәжірибесін бөлісуде. Бұл салада Қаражұмановтар әулетінің 30-дан астам өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады.
Бүгін Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында адал еңбегімен Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттап жатырмыз.
Бүгінгі мерекеде біз Сергей Петрович Чернобайға құрмет көрсетеміз. Ол – еңбегі ерен кенші, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, отандық көмір өндірісінде аты аңызға айналған тұлға.
Еңбеккерлер әулетінен шыққан азамат. Ата-анасы да, жұбайы да, тіпті балалары да өз тағдырын шын мәнінде батыл жандардың қолынан келетін кәсіппен байланыстырған. Өнегелі отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Бұл – жай ғана цифр емес, қажырлы еңбек пен кәсіби сабақтастықтың жылнамасы. Чернобайлар әулеті ел дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз ісіне адалдықтың және нағыз еңбекқор жандардың үлгісі боларына кәміл сенемін.
Сергей Петрович Чернобайға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі».
t.me/aqorda_resmi
