"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Алмағанбетов, аудандық аумақтық инспекция басшысы Нұрлан Әлмұратов, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері мен комиссия мүшелері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде суға түсу маусымында болатын төтенше жағдайлардың алдын алу, жазғы мезгілдегі дала өртінің алдын алу шаралары мен дайындық жұмыстары және аудан аумағындағы зиянкестерді уақтылы улау жұмыстарын жүргізуді жоспарлау бойынша сала басшылары баяндама жасады.

Арман Алмағанбетовтың айтуынша, өткен жылы аудан аумағында рұқсат етілмеген жерге түскен екі ересек адам суға кеткен. Суға кету фактілерінің негізгі себебі — рұқсат етілмеген орындарда алкогольді ішімдік ішкен күйде суға түсу оқиғаларының жиі тіркелуі.

—  Осындай себептердің алдын алу мақсатында аудан аумағында 12 қауіпті аймақ анықталып, полицейлермен рейдтік жұмыстар жүйеленетін болады. Сонымен қатар, аудан аумағында 4 коммуналды жағажай белгіленіп, барлық сақтық шаралары күшейтілмек, — деген сала басшысы жазғы мезгілдегі дала өртінің алдын алу шаралары мен дайындық жұмыстары туралы да баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы аудан бойынша 24 дала алқабының жану жағдайлары тіркеліп, 480 га астам жер өртке оранған.

—  Өрттің басты себебі — алқаптардағы техникалардан шығатын шоқтың әсері. Сондықтан, алдын алу шаралары аясында арнайы комиссия құрып, шаруалардың техникаларына тексеру жұмыстарын жүргізу қажет, — деді ол.

Сонымен қатар, сала басшысы ауылдық округ әкімдеріне өрт сөндіру құралдарының жай-күйін толық тексеріп, дайындық жұмыстарын пысықтауды ұсынды.

Жиында көтерілген мәселенің бірі — биылғы жылы аудан аумағында таралу саны жоғарылауы мүмкін болатын зиянкестермен күрес. Аталған мәселені жеке бақылауына алған аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне бұл жағдайға қатысты бақылаушыны тезірек шешуді тапсырды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ