Жуырда аталып өткен спорт күнінде хромтаулық спортшы Қазбек Қожахметовке жолығып, сұқбаттасқан едік.
Одессада жалғасқан жаттығу
Газетіміздің «Біздің кейіпкер» айдарының бұл жолғы қонағы — Қазбек Бердімұратұлы Қожахметов 1974 жылы 26 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол жеті жасынан спортпен шұғылданады.
— Бала күнімнен спортты жаныма серік еттім. Спортпен шұғылдануды әуелі жүзуден бастадым. Он төрт жасқа дейін бокс үйірмесіне бардым. Спорт шеберлігіне үміткер болдым. Содан кейін ушу жауынгерлік өнерімен айналыстым. Ушудан жарыстарға қатысып жүрдім. Кейін жаттықтырушым Украина мемлекетіне көшіп кетті. 1991 жылы мектеп бітіріп, мен де Украина мемлекетінің Одесса қаласында бір жылдай тұрып, жаттығып, жарыстарға, одақ көлеміндегі чемпионаттарға қатысып жүрдім, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Ол Одессадағы күндер мен жастық шағын ерекше сезіммен әңгімелеп берді.
— Волгоградқа мемлекеттік спорт академиясына оқуға түстім. Үшінші курста сырттай бөлімге ауысып, Ресей мен Украинада жаттықтырушы болып еңбек жолымды бастадым. Спорт академиясын 1997 жылы аяқтап, «спорт жаттықтырушысы» мамандығын алдым. Кейін отау көтеріп, туған жерге қайтып келдім, — дейді ол.
Отан алдындағы борышын Қапшағайдағы әуе десант әскер қатарында өтеген кейіпкеріміз — бүгінде төрт ұлдың әкесі.
Тимурдың командасы жасақталды
Ақтөбеден кейін аудандар арасында алғаш болып Хромтауда ашылған таэквондо спорт үйірмесіне мұрындық болған Қазбек Қожахметовтің бұл еңбегін бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Бұл туралы өзі былай дейді:
— Таэквондо федерациясының жиналысында осы спортты аудандарда да дамыту керек деген ой айтылды. Ол кезде таэквондо тек Ақтөбе қаласында ғана болды. 1999 жылы қыркүйек айында Хромтауға келіп, Таэквондо спорт клубын аштым. Хромтаулық балаларды осы спорт түріне баулыдым, — дейді ол.
2001 жылы ауданда дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылғаннан кейін ол жаттықтырушымен қатар әдіскер, кейін басшылық қызметке ұсынылады. 2011-2018 жылдары аудандық спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қазбек Бердімұратұлы қазіргі таңда Ақтөбе мыс компаниясында қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінде инженер болып жұмыс істейді. Дегенмен ол спорттан бір сәт те қол үзген емеспін.
— Әлі күнге дейін кішкентай ұлыммен жаттығу жасап тұрамын. 2000 жылы соңғы рет үлкен көлемдегі жарысқа шықтым. 2003 жылы Сочи қаласындағы әлем чемпионатында таэквондодан бірінші орын алып, спорттағы кәсіби мансабымды аяқтадым, — деген Қазбек Қожахметовтің спорттың бұл түріндегі дәрежесі — спорт шебері әрі қара белбеу иегері.
Ақтөбеден Хромтауға таэквондо спортын дамытуды мақсат етіп келген жас маман сол кездегі ахуалды еске түсіреді: «Хромтауға алғаш келгенде таэквондоның ауданда дамуына сол кезде басшылықта отырған көптеген ағаларымыз жәрдем берді. Ең әуелгі кезде кішкентай залда жаттығуды бастадық. Көшеде қағазға қарындашпен хабарландыру жазып, «Ақтөбеден жаттықтырушы келді, бірінші сыныпқа бала қабылдайды» деген қағаздарды көшелерге ілдім. Бастапқыда бірден 30 бала жазылды. Кейін олардың қатары толығып, 500-ге жетті. Шағын залға бала сыймайтын болғасын, аудандық білім бөлімінің қолдауымен мектептердің спорт залында жаттығуды жалғастырдық. 2000 жылдың көктемінде Ақтөбеден екінші жаттықтырушы — Тимур Құрманов көмекке келді. Ол кезде 500 баланы екеуміз топтарға бөліп, дайындадық. Әр топта 40-50 баладан болды. Балаларды облыстық жарыстарға апарып жүрдік, — дейді Қазбек Бердімұратұлы.
Шәкірттерім Шотландияда өнер көрсетті…
Дана халқымыз «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» деген даналық сөздерді бекер айтпаса керек-ті. Қазбек тек таэквондодан жаттықтырушы ғана емес, әр шәкіртіне ерекше ықыласпен қарайтын спортта да, өмірде де ұстаз бола білген тұлға.
— Шәкірттерімді оқу бітірісімен өзім күтіп алып, жұмысқа орналастыратынмын. Қазір шәкірттерім таэквондо спортын дамытып жүр. Атап айтар болсам, Самат Сәрсеков, Руслан Манаспаев, Айдос Рахметовтердің болашағынан зор үміт күтемін. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Самат Сәрсеков — алғашқы шәкірттерімнің бірі. Алматыдағы спорт академиясында білімін жалғастырды. Қазір ол — жаттықтырушы. Ал Руслан Манаспаев бүгінде №5 Хромтау гимназиясын басқарады. Қыздар арасынан Айна Жұмақанова — таэквондодан Еуропа чемпионы. Оны кезінде Канада, Шотландия, Италияда өткен жарыстарға өзім апардым. Қазақстан чемпионаттарында чемпион атанды. Жаттығудан кейін әр баламен жеке сөйлесуге де уақыт табуға тырысамын. Сондай сәттердің бірінде шәкіртім Айна «жаттықтырушы болғым келеді» дегенде, мен одан жақсы жаттықтырушы шығатынын айтқанмен, «сені неге екенін қайдам, дәрігер ретінде көремін, медициналық академияға түссең қалай қарайсың» дегенмін. Шәкіртім сол кезде бұл салаға мүлдем қызықпайтынын айтқанмен, бүгінде сол академияны қызыл дипломмен тәмамдап, қазір Астана қаласында кардиолог дәрігер болып қызмет істейді. Осындай шәкірттерімнің қатарындағы Абылайхан Ізбасаров, Дәурен Садықовтар — қара белбеу иегерлері, чемпиондар, — деді Қазбек
Баланы бірден төбелеске үйретпеген жөн…
Спорт шебері, білікті маман Қазбек Бердімұратұлынан «спортқа баланы қай жастан берген дұрыс?», «жастарға айтар кеңесіңіз қандай?» деген сауалдарды қойған едік.
— Көп нәрсе жаттықтырушыға байланысты. Бізге академияда баланың физиологиясына, талабына, икеміне қарау керектігін үйрететін. Өзім сол әдісті пайдаландым. Икеміне қарай балаларды бақылап, бағыт-бағдар беріп отырдым. Себебі баланың қандай спортқа жақын екендігі көрініп тұрады. Жаттықтырушы баланың бойынан осындай икемділікті аңғара білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Жалпы бала 5-6 жасында жүзуге барғаны дұрыс. Ал күштік спортқа келер болсақ, баланы 8-9 жастан күреске беруге болады. Ары қарай бокс, каратэ, таэквондо, MMA, жүзу спорттарын жақсы меңгеретін болады. Егер бала жүзумен айналысса, өкпесі жақсы дамып, иммунитет қалыптасады. Кейбір ата-аналар балаларын 4-5 жаста спорт үйірмесіне әкеліп жатады. Бұл жаста балаларға ойын керек. Сондықтан мұндай жастағы балаларды жаттықтыратын арнайы бағдарлама бар. Баланы бірден төбелеске үйретпеген жөн. Олардың сүйегін, етін қатайту керек. Спорт еңбекті әрі қатал тәртіпті қажет етеді, — дейді кейіпкеріміз.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА