"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖҮЛДЕЛІ КЕЛДІ

Ақтөбе қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиаданың облыстық кезеңі өтті. Жарысқа 12 аудан әкімдігінен бөлек Ақтөбе қаласы, Ақтөбе облысы әкімдігі мен департамент құрамалары қатысты.

Спорттың 7 түрінен өткен дүбірлі додада аудан намысын қорғаған спортшыларымыз қанжығасы майланып, жүлделі келді. Атап айтсақ, қазақ күресінен 74 келі салмақ дәрежесінде Әмір Асқарұлы 3-орын, 82 келі салмақ дәрежесінде Ернұр Кемелұлы 2-орын иеленсе, 90 келі салмақ дәрежесінде Едіге Сағынай бас жүлдені қоржынға салды.
Абай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ернұр Кемелұлы қазақ күресімен бала кезінен айналысып келе жатқанын және ең сүйікті спорт түрі екенін айтты.

– Қазір қызметіме байланысты күнделікті жаттығудың азайғаны ақтық сында қарсыласқа есе жібергеніме басты себеп болды. Алайда, келесі жарыстарға тыңғылықты дайындық бастап, уақыт бөлетін боламын. Жалпы жарыстың ұйымдастырылу деңгейі ұнады. Басқа аудандағы әріптестеріммен боз кілем үстінде білек сынасып, күшімізді бір сынап алдық, — деді Ернұр.

Одан бөлек, гір көтеру спортынан 90 келі салмақ дәрежесінде қос бірдей саңлағымыз жүлделі оралды. Бірі — Едіге Сағынай жүлделі 3-орынды иемденсе, Көктау ауылдық округінің әкімі Бақытбек Осмаханов жарыс жеңімпазы атанды. Ал үстел теннисінен қыздар арасында Ұлмекен Сәрсенбаева бас жүлдеге қол жеткізсе, футболдан ерлер командасы үздік төрттікпен жарыс жорығын аяқтады.

Аудан құрамасы жалпы командалық есепте 15 команда ішінен 4-орынды иеленді. Жарыстың бас жүлдесін алған спортшыларымыз облыс құрамасына ілігіп, республикалық спартакиадаға жолдама алды. Алдағы уақытта облыс орталығында оқу-жаттығу басталады деп күтілуде.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ