"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Қабылдауға келгендердің көпшілігі тұрғын үй қоры арқылы үй алу мәселесін көтерді.  Хромтау қаласының тұрғыны Шынаргүл Ишанғалиева көпбалалы ана санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген. Шынаргүл үй кезегінің әділ жылжуы мен оның сапасына қатысты мәселені алға тартты.

— Үйдің сапасы туралы өте орынды сұрақ көтердіңіз. Тұрғын үй құрылысы жұмыстарын аптасына бір рет жеке қадағалап тұрамын. 60 пәтерлі 2 үйдің құрылысы не үшін ұзаққа созылғанын да бірнеше мәрте айттық. Мердігерлер барлық ескертпеге қатысты жұмысты толық аяқтағаннан кейін үйді пайдалануға береміз. Ал кезек мәселесі менің жеке бақылауымда, — деді аудан басшысы.

Айбек Ділмағанбетов Оңғар ауылында орналасқан «Хан» шаруа қожалығына асфальт төсеу мәселесін көтерді. Аудан басшысы биыл Оңғар ауылына ауылішік автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

—  Бүгінгі күні мердігер анықталды, келісімшарт жасақталуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаннан кейін сізбен тағы бір рет байланысып, аталған жолға асфальт жабындысын төсеу мәселесі қаралады, — деді Нұрхан Жасұланұлы.

Хромтау қаласы Республика көшесіндегі жаңа учаскелерге су құбырын тарту мәселесін де аудан әкімінің қабылдауына келгендер көтерді. Бұл орайда Қаржаубай Құлышев есімді азамат жеке тұрғын үйіне ауызсу құбырын тартуда кездескен келеңсіздіктерді айтты.

—  Қала бойынша тұрғын үйлерге дейін орталық су құбыры жүргізілген. Орталық су құбырындағы құдықтар суға толуы мүмкін. Сондықтан ауызсу бойынша қызмет көрсетуші мекеме — «Хромтау су — 2010» арқылы тексерілгеннен кейін ғана тұрғын үйге су құбырын жүргізу қарастырылатын болады, — деді аудан басшысы.

Аудан тұрғындарының көпшілігі жайылымдық жер мәселесін де алға тартты. Олар Көктөбе мен Бөгетсай, Аққұдық ауылдарының маңынан жайылымдық жер сұрады.

Аталған мәселеге қатысты аудан әкімі Заң талаптарын түсіндіріп, жан-жақты жауап берді.

Аудан әкімінің қабылдауына келген тұрғындар жеке мәселесімен қатар, әлеуметтік мәселелерге қатысты нақты жауап алды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ