"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

ҮЗДІК ФУТБОЛШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Аудан әкімінің кубогі үшін мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.

 

Турнирге 7 командадан 70-ке жуық қызметкер қатысты. Олар қос кестеде өзара бақ сынап, ақтық ойынның финалистерін анықтады. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов қатысушыларға сәттілік тіледі:

— Бұқаралық спорт түрлерін дәріптеу арқылы салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Ауданымызда спорт саласынан жеткен жетістіктер жеткілікті. Мәселен, ауылдық округтерде кешенді дене шынықтыру орталықтарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылыс жұмыстары жеке бақылауымда. Жоспар бойынша аталшым спорт нысаны биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұқаралық спорт түрлері мен спортшыларға қолдау өз жалғасын таба бермек.

Ала доп бәсекесінің қорытындысы бойынша оқ бойы оза шауып, сүрінбеген аудандық білім бөлімінің құрамасы жарыстың жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші орынды аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасы қанжығаласа, үшінші орынды аудандық ішкі істер бөлімі иеленді. Жекелей сында көзге түскен ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Мәселен, жарыстың «үздік ойыншы» номинациясы білім бөлімі құрамасының ойыншысы Серікқали Бисұлтанға бұйырса, ішкі істер құрамасының ойыншысы Сарин Саясат «үздік сұрмерген» атанды. Одан бөлек, «үздік қорғаушы» номинациясын спорт мектебі құрамасының ойыншысы Айбол Арызмағанбетов алса, білім бөлімі құрамасының ойыншысы Аманғос Құрманов «үздік қақпашы» атанды. Барлық номинанттарға естелікке сыйлықтар табысталып, жеңімпаз командаларға кубок табыс етілді.

Бұл кубок басқа бұқаралық спорт түрлерінен де жалғасын табуы әбден мүмкін. Себебі, аудан көлемінде спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Келесі айда қысқы спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастыру қолға алынбақ

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ