"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
БілімЖаңалықтар

ҮЗДІК ҰСТАЗДЫҢ ҮЛГІСІ

Хромтау қаласындағы №4 орта мектептің ұстазы – Рунат Жақыпқызы Таимова – «Үздік мұғалім-2023» республикалық байқауының жеңімпазы. Ол бұл жолда байқаудың үш кезеңінен де лайықты өте білді.

Мұғалім мәртебесі қашан да биік. Мықты мұғалім, үздік ұстазсыз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Мектеп табалдырығын «тарыдай болып» аттаған оқушыларға әріп үйретіп, оқу мен жазуға сауаттандыратын бастауыш сынып мұғалімінің мойнына артылатын жүк тіпті ауыр. Бір жерде табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан үздік педагог Рунат Таимованың есімі хромтаулықтарға жақсы таныс. Еліміз тәуелсіздік алған тұста №4 Хромтау орта мектебіне қызмет етуге келген ұстаз әлі осы білім ордасында шәкірт тәрбиелеп жүр.

Рунат Жақыпқызы — мұғалім-зерттеуші. Бүгінде ол шәкірттерін оқытумен қатар,
білім беру ісіне қатысты түрлі іс-шараларда белсенділік танытады. Атап айтқанда, облыстық семинарларда, облыстық тамыз кеңесінің панельдік сессияларына белсене қатысып, үнемі өз тәжірибесімен бөліседі. Бір ғана мысал, былтыр бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан Рунат Жақыпқызы бұл алқалы жиыннан түйгенін аймақ ұстаздарымен бөлісті, облыстық форум барысында министрлік тарапынан айтылған тапсырмаларды жан-жақты түсіндірді.

Үздіксіз ізденіс үстінде жүретін Рунат Жақыпқызы үнемі білімін толықтырып отырады. Ол 2021 жылы халықаралық тәжірибе негізінде оқу-әдістемелік кешеннің сарапшыларын оқыту бойынша халықаралық курстардан сәтті өтті. Осының негізінде оны Астана қаласына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің сараптамасына шақырды. Білім саласы бойынша тәжірибелі маманның бұл еңбегі ескерусіз қалмады, сарапшы ретінде белсенді қатысқаны және зор үлес қосқаны үшін ҚР Білім Министрлігінің Алғыс хатымен де марапатталды.

«Ұстазы мықтының — ұстанымы мықты». Рунат Таимованың тәрбиелеген, оқытқан шәкірттері де түрлі олимпиадалар мен байқауларда топ жарып жүр. Бір қызығы, ұстаздың өзі педагогтар арасында өтетін осындай байқауларға қатысуға үнемі қызығушылық танытады. Бұған дәлел, мұғалімдер арасында өткен «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық және республикалық кезеңдерінде бірінші дәрежелі дипломмен, грамотамен марапатталды.

Білікті ұстаз Рунат Жақыпқызы «Үздік мұғалім-2023» республикалық байқауының барлық үш кезеңінен лайықты өтті. Оның айтуынша, республикалық турдың бірінші кезеңі ең қиын әрі қызықты болған. Астана қаласындағы №84 мектеп-лицейде сабақ өткізуге тура келіпті. Бір қызығы, байқау қатысушылары алғашқы кезеңнің сабақ тақырыбын бір күн бұрын ғана біліпті. Мақсат — бұл кезеңде байқауға қатысушылардың шеберлігін сынға салу. Яғни, аз уақыт ішінде мұғалімнің біліктілігімен қатар, тақырып аясын қамтуы, оқушылармен жұмыс, сабақты қаншалықты қызықты әрі тартымды өткізудегі шеберлігіне ерекше мән берілген. Рунат Жақыпқызы шектеулі уақыт ішінде ерекше дайындықпен өткізген тақырыптық сабақты 45 минутқа сыйдырған.

«Мектептің жаны — мұғалім» деген халық даналығына сүйенсек, ұстаздың бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Әр оқушының тұлға болып қалыптасуында Рунат Жақыпқызы сияқты мұғалімнің маңызы зор.

Қуандық РАҚЫМ

ПІКІР ЖАЗУ