"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Білім

ЖАС САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

№2 Хромтау гимназиясында жаңа оқу жылынан бастап «Жас сарбаз» сыныбына 6-сынып оқушылары курсант ретінде қабылданды. Әскери іске қызығатын ұл-қыздар ұсынылған курстарды белсенді түрде оқып, оқу-жаттығудың ерекшеліктерін, әскери шендерін меңгеріп, пулеметтерді құрастыру мен бөлшектеуді үйрене бастады.

Күні кеше жас курсанттар әскери ант қабылдады. Ант қабылдау кезінде оқушылар жаттығу, дене жаттығулары мен әскери қаруды құрастыру дағдыларын көрсетті. Алғаш «Жас сарбаз» сыныбына қабылданған жас курсанттар адалдыққа, жауапкершілікке, тәртіпті болуға, жақсы оқып, дамуға, ең бастысы – «Жас сарбаз» атағын, өз гимназиясының абыройын жоғары ұстауға салтанатты түрде ант берді. Шара соңында «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары вальс билеп, жиналғандарды баурап алды.

Шараға алғашқы әскери-техникалық дайындық пәнінің мұғалімдері, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, ауған жауынгерлері мен ата-аналар қатысты.

– Бүгін мен ант қабылдап, сертификат алдым. Мен үшін «Жас сарбаз» қатарында болу өте маңызды, сондықтан мен қатарластарым арасында үздік атанып, әскери адам боламын деген арманымды орындауға мүмкіндік алдым, – деп 6-сынып оқушысы Александр Шибков өз әсерімен бөлісті.

Бүгін ант қабылдап, ресми түрде «Жас сарбаз» сыныбының курсанты атанған әрбір оқушы еліміздің нағыз азаматы және өз Отанының патриоты болатыны анық.

Айта кету керек, осыдан 5 жыл бұрын №2 Хромтау гимназиясында ашылған «Жас сарбаз» сыныбының алғашқы курсанттары – 6-сынып оқушылары ант қабылдаған еді. Олар оқу барысында Жарғымен танысып, әскери істерді оқып, оқу-жаттығудан өтіп, 2023 жылдың мамыр айында оқуды аяқтағандығы туралы куәліктерін алып, алғашқы түлек атанған болатын.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ