"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылЭкономика

ЖОСПАРДАН ЖАҢЫЛМАУ КЕРЕК

Агроөнеркәсіптік кешен негізінде аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес аудан бойынша 2024 жылғы егістік құрылымына барлығы 109 мың 922,7 гектар егіс алқабын егу жоспарлануда. Оның ішінде, дәнді дақылдардың үлесі 50425 га, майлы дақыл 16205 га, мал азығы дақылдары 42569,7 га болса, көкөніс, бақша алқаптары 728 га болып отыр.
Астық нарығының жылдан-жылға қымбаттап жатқанын ескерсек, ауа райының табиғи салдарын есепке алмағанда, аудан шаруаларының мол өнім жинау ықтималдылығы жоғары. Себебі, кешенді агроөнеркәсіпті дамытуда өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында шаруа қожалықтары мен үлкен агроөнеркәсіп меншіктеріне субсидия және тағы да басқа қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, аудандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін 9 ұжым несие институттары арқылы 700 млн-ға жуық теңгемен қаржылануға өтінім берді. Бұл қомақты қаражат арқылы шаруалар өз технопарктерін жаңартып, жұмыс көлемін азайта алады.

Еске сала кетейік, аудан шаруалары өткен жылы қамбаға 59128,5 т өнім жинаған болатын. Орташа өнімділік 11,5 ц/га құрап, облыста көш басындағы аудандардың бірі бола білдік. Биылғы жылы да мол өнім жинаймыз деген шаруалар тыңайтқышқа бөлінетін субсидияның көлемі артса екен деп тілеп отыр.

Мамандардың айтуынша, биыл көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін аудан бойынша 574 техника жұмылдырылады. Ал аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл аудан шаруаларына 122 су жаңа трактор алуға көмек көрсетілуге тиіс. Қазіргі таңда инвестиция тарапынан 11 жаңа трактор алынып, көктемгі егістік жұмыстарына жұмылдырылатын болады.

Көктемнің бір күні жылға азық демекші, әр күнді тиімді пайдаланып, егін егу процестерін кезең-кезеңімен жұмыстанып үлгеру — шаруалардың басты мақсаты. Еріген қар суы кетіп, жер-аяғы кеңігенін күтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көктемгі егіс жұмыстарына тыңғылықты дайындықты бастап кетті.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ