"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР, ЖҮЙЕЛІ ШАРУАЛАР

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтық қоғамға қарай ұмтылыстың нақты белгісі — қоғамдық кеңестер жұмысы. Қазір атқарушы органдармен қоян-қолтық қызмет етіп жүрген қоғамдық кеңес мүшелері ауданымызда бірқатар өзекті мәселенің оңтайлы шешілуіне арқау болғаны белгілі. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Ашабаев брифингте журналистерге кеңес жұмысы жайында жан-жақты баяндады.

— Хромтау аудандық қоғамдық кеңестің ережесі мен құрамы 2022 жылдың 30 наурызында аудандық мәслихаттың №187 шешімімен бекітілді. Жылдық жоспарға сәйкес былтыр қоғамдық кеңестің 6 отырысы өткізілді.

Соның ішінде Хромтау ауданы бойынша 2022 жылы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылға қойылған міндеттер туралы аудан әкімінің есебі тыңдалған болатын. Аудан басшысы өз есебінде 2022 жылы аудандағы және ауылдық округтерде әртүрлі салалар — бюджет, өнеркәсіп, инвестиция, жер, мал және егін шаруашылығы, шағын және орта бизнес, құрылыс, газдандыру, сумен қамту, электрожелілер, автокөлік, білім, денсаулық салалары бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен тағы бір отырыста Хромтау ауданы бойынша ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Сармановтың есебі тыңдалды. Ол ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында әртүрлі салалар — құс және өсімдік шаруашылығы, шағын және ортақ бизнес бойынша бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқанын баяндап, нақты жұмыстарға тоқталды. Хромтау аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы К.Тілеубаевтан аудан бюджетінің қандай мақсатқа бағытталып жатқанын білдік. Ол кеңес мүшелері алдында  бюджетке түсетін жыл сайынғы түсімдерді алдыңғы жылдармен салыстыра баяндап, жылма-жыл салық түсімдерінің көлемі ұлғайғанын жеткізді, — деді Болат Ашабаев.

Сондай-ақ ол «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының негізінде өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жайында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың есебі тыңдалған отырысқа ерекше тоқталды. Жыл басынан орындалған іс-шаралар мен атқарылу барысындағы жұмыстар қамтылып, аудан бюджетінің кіріс бөлігі өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда 400 млн. теңгеге артып, 10 млрд. теңгені құрап, өсім динамикасы аталғанын айтты. Сонымен қатар өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы салаларындағы ілгерілеген ірі жобалар, олардың орындалу барысы, салынып жатқан құрылыс нысандары мен тас жолдардың жағдайына да тоқтаған. «Аудан әкімі аумақтағы жалғасын тауып, атқарылып жатқан, сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоба, жоспар, іс-шаралардың баршасын қамтып, сөзінің соңында Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында өңірлік саясатты жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайту, ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында айқындап міндеттерін бірлесе атқаруға сенімін білдіріп, есебін түйіндеді», — деді қоғамдық кеңес төрағасы.

Кеңес мүшелері аудандық халыққа қызмет көрсету, аймақта жемқорлыққа қарсы, полиция бөлімінің құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын-алу, қылмысты болдырмау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен де етене таныс.

— Қазіргі таңда ауданымызда сыбайлас жемқорлық фактілері анықталып, тіркелген жоқ. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жұмыстар дәл осы қалыпта жүргізілетініне сенім мол, — деді ол.

Қоғадық кеңес отырыстарымен қатар былтыр 2 қоғамдық бақылау жүргізілді.

Атап айтсақ, кеңес мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қадағалау жасады. Хромтау қаласындағы «Нұрсәт», «Райымбек» дүкендерінің бағаларына талдау жүргізілсе, қазан айында Хромтау қаласындағы «Алишер», «Дина», «Арзан тағам» супермаркеттеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларымен танысып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды.

Қоғамдық кеңес отырыстарының хаттамалары, мониторинг жұмысы әлеуметтік желілерде яғни аудан әкімдігінің, қоғамдық кеңестің инстаграм парақшаларында және «Хромтау» газетінде жүйелі жарияланады.

Жалпы айтқанда, кеңес отырыстарында тыңдалған ақпараттар және мониторинг жұмыстары бойынша құқықтық бұзушылықтар анықталған жоқ, — деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Болат Ашабаев.

Сондай-ақ брифингте «Хромтау» газетінің тілшілері тарапынан қойылған кеңес мүшелерінің қаладағы қауымдастықтармен байланысы, кеңес құрамын жасақтау бойынша сауалдарға нақты жауап алынды.

Өз тілшімізден

ПІКІР ЖАЗУ