"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Денсаулық

Ел алғысын арқалаған Арслан

Жедел жәрдем мамандары – құрмет төріндегі мамандық иелерінің бірі. Науқас дертіне дауа таппай қиналғанда қас пен көздің арасында жетіп, алғашқы көмекті көрсетіп, аса күрделі жағдайларда ажалдан аман алып қалатын олар жауапкершілік пен ерлікке толы жанкешті қызметтері арқылы халық алғысына жиі бөленеді. Ауданымызда жедел жәрдем көмегіне жүгінгендердің жылы лебіздердеріне ие болып жүрген маман бар. Ел арасында ол жайында «қолы жеңіл», «жас та болса білікті» деген оң пікірлер айтылуда. «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей біз де көпшіліктің ризашылығын алған жас маманмен сұхбаттасқан едік.

  «Аудандық ауруханадағы жедел жәрдем қызметкері Арслан Асқарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Науқастанып, аздаған уақыт аралығында екі рет жедел жәрдем шақыруыма тура келді. Екеуінде де Арслан келген болатын. Ол ауру белгілерін мұқият, жан-жақты сұрап, білікті көмек көрсетті.  Қаламызда өз ісін сүйіп орындайтын кәсіби мамандардың бар екені қуантады. Сізге үлкен рахмет!»бұл Мереке Қанатбай есімді Хромтау қаласы тұрғынының әлеуметтік желіге жариялаған пікірі. Желіде бұдан басқа да алғыс пен ризашылыққа толы хаттар легі жетерлік және олардың барлығы кейіпкерімізге бағытталған.

Алғашқы тәжірибе

Арслан Асқар 2001 жылы Хромтау қаласында дүниеге келген. 2016 жылы №3 Хромтау орта

Screenshot
Screenshot

мектебін бітіріп, Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе Жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі. Ол болашақ мамандығына бала кезінен машықтанған: әжесі ауырғанда дәрі егіп, жағдайын жеңілдетуге көмек берген.

-Мен әжемнің сүйікті немересі болдым. Оның қан қысымы жиі көтеріліп, гипертониямен ауратын. Әжемнің  жағдайы нашарлап, қиналғанда көмек бергім келіп тұратын. Сөйтіп, он жасымда екпе беріп үйрендім. Әжеме керек жағдайда дәрісін егетінмін. Содан бері дәрігер болуды мақсат еттім, — дейді ол.

Талант пен талап

Мектеп оқушысы бола тұра екпе беріп үйренген Арсланның бойында айрықша икемділік қабілеті бар болса керек. Дегенмен, халық жазуышысы, қаламгер Мұзафар Әлімбаев айтқандай «талант – табиғаттан, талап –өзіңнен». Табиғатынан дарынды Арслан өз арманына қол жеткізу үшін тынбай еңбектеніп келеді. Колледжде ерекше ынта-ықыласымен оқыған ол әлі де білім алуын тоқтатқан жоқ. Қазіргі таңда ол Мәскеуде И.М. Сеченов атындағы медициналық университетте білім алуда.

         -Бала кезімнен тәжірибем болғандықтан, колледжде оқу қиынға соқпады. Екпе беруге жүрексінген тобымдағы студенттерге дәрі егуді үйренуге көмек бердім. Қазір аудандық ауруханада жедел жәрдем бөлімінде жұмыс жасаймын және Мәскеуде жоғары оқу орнының екінші курсында білім алудамын. Әзірге жалпы медицинаны індетке байланысты қашықтықтан оқып жатырмыз. Алдағы уақытта уролог-андролог мамандығын оқып шыққым келеді. Жедел жәрдемде шақырту аз кезде немесе демалыстарымда кітаптардан, ғаламтодан білімімді толықтырудамын. Бірден университетке түсудің орнына мектептен тоғызыншы сыныпты бітіріп, медицина саласында мол тәжірибе жинау мақсатында колледжге баруға шешім қабылдадым. Жедел жәрдемге күн сайын сан түрлі диагноздары бар науқастар хабарласады. Ол менің білімімнің одан әрі тереңдей түсуіне септігін тигізуде. Дипломымды алғаннан кейін туған жеріме өз үлесімді қосқым келеді. Аудандық ауруханаға келіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуімді жалғастырамын , — дейді болашақ дәрігер.

Сондай-ақ жас маман бос уақытында қайырымдылықпен айналысады:  жалғыз қалған қарт кісілерге барып, дәрілерін егеді.

         -Емделушілердің арасында «қолыңыз жеңіл екен, түк те сезілмей қалды» деп айтатындар жиі кездеседі. Тамырды табу да қиынға соққан емес. Сондықтан, қабілетім арқылы өзгелерге де пайдамды тигізгім келеді. Медициналық қызметкерлерді шақыруға қаражаты жеткіліксіз жандар бар. Соларға барып, көмек беріп тұрамын, — дейді ол.

Ажал апанынан аман алып қалды

Сырқаттанған жағдайда жедел жәрдем көмегіне еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жүгінеді. Жедел жәрдем қызметкерлері науқастардың бойынан әралуан ауру түрлерін анықтап, алғашқы көмек көрсетеді. Кей жағдайларда олар науқасты ажал апанынан да суырып алады…

-Жедел жәрдем қызметінде түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Сол жағдайлардың арасында ұмытылмастай есімде сақталғаны бар. Шақыртумен шамамен жетпіс жасар апаның үйіне барған болатынбыз. Кірер-кірместен науқастың қан қысымы көтеріліп отырғанын, диагнозын бірден түсіндім. Қасына жақындап барсам қол-аяғы ұйып қалған екен. «Жымиыңызшы» десек, жымия алмайды. Қан қысымы 200-ден жоғары екен. Тез арада тиісті шараларды қолға алып, қысымын отыз пайызға түсіріп, ауруханаға жеткіздік. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы, — дейді маман.

 

Бүгінгі күннің батырлары

Короновирус індеті тарап, еліміз түгелдей қызыл аймақ ережесіне енгізіліп, жағдай ушыққанда алдыңғы шепте аянбай қызмет еткендердің қатарында Арслан да бар. Айтуынша, сол кездері жедел жәрдемді бір уақытта шақырғандар көп болған.

  •          -Індет кезінде бір тәулікте 50-60 шақырту алған едік. Бір мезетте бірнеше шақырту болып, қызметімізді барынша тез әрі сапалы орындауға тырыстық. Көптеген тұрғынға жедел түрде жәрдем көрсетіп, дәрігерлерге тапсырдық. Науқастарға көмек беру – менің  парызым. Сондықтан, кез келген уақытта, тіпті көшеде біреу кенеттен сырқаттанып жатса, алғашқы көмек көрсетуге әркез дайынмын, — дейді жас маман.

Мүлтіксіз қызметті, терең білімді, ептілікті ұштастыру әсте оңай емес. Дейтұрғанмен, аталған қасиеттер дәрігерлердің бойынан табылады. Індет өршіген заматта өмірлерін қатерге тігіп күрескен ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің батырлары десек, артық айтпаспыз.

Жанел ӨТЕУЛІ

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ