"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

Нұрболат Малсақбаев агроном, кәсіпкер: «Мақсатым – жерді дұрыс пайдаланып, келешек ұрпаққа құнарлы күйінде тапсыру»

 

 

Screenshot

Ел экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығының өркендеуі егіннің мол болуына байланысты. Бұл тұрғыда дән жинауға ден қойған, жерді дұрыс әрі тиімді пайдалануды басты назарда ұстайтын білікті мамандардың еңбегі зор. «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы, агроном Нұрболат Малсақбаев – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мансабын егін шаруашылығынан бастап, осы күнге дейін қара жердің ақ нанын адал тауып келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі.

Агроном болу – оның бала күнгі арманы. Шаруашылыққа жастайынан етене араласып, ауыл еңбеккерлерінің күнделікті жұмысын көріп өскен ол егін басында жан-тәнімен беріле жұмыс жасап жатқан жандарға таңдана қарайтын. Әсіресе, агрономдардың жұмысын бақылап, соларға ұқсағысы келетін. Ол бала күнінен мақсатқа жету үшін қиял мен арманның ғана емес, іс-әрекеттің де қажет екенін түсінетін. Сондықтан бақылап қана қоймай, комбайн жүргізушісі болып қызмет еткен әкесінің жанында жүріп, осы саланы жетік меңгере бастаған.

– Жетінші сыныпта оқитын кезімде егін басында шөп шауып, қосымша табыс табатынмын. Екі жылдан кейін әкеме қолғабыс етіп, егін жинауға кірістім. Әкем кей кезде мені жұмысына алып кетпейтін. Сонда да қалмай, артынан еріп жүретінмін. Себебі қажырлы еңбектің нәтижесінде өсіп шыққан астықты жинау маған ерекше қуаныш сыйлайтын. Жұмыс барысында агрономдарды көрсем, бір сәт тоқтап, қызыға қарап тұратын едім. Біздің үйдің қасында Қалман есімді агроном тұратын. Мен сол кісіден үлгі алып, есейгенде өзім пір тұтқан көршім секілді агроном боламын деп шештім, – дейді Нұрболат Малсақбаев.

Ол 1977 жылы мектеп бітірді. Оқуға бармастан бұрын түлектердің арасында Кеңес Өкіметі бойынша кең тараған бастама – «Комсомол жастары» бригадасының мүшесі болып, қой бағумен айналысты. Бригада құрамында еңбек етіп, көп ұзамай әскерге шақыртылды. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, әскери қызметте үздіктердің қатарынан көрініп, Мәскеу авиациялық институтына жолдама алу мүмкіндігіне ие болды. Дей тұрғанмен өзі бала күнінде қойған межесінен бас тартпай, өмірін қайткенде де агрономия саласымен байланыстыруды ұйғарды.

  • – Әскерде авиация полкінде қызмет еттім. Бізге авиация институтына түсуге жолдама берілді. Қатарластарымның барлығы сол жоғары оқу орнына баратын болды. Командирге жалғыз мен ғана ауылшаруашылық институтына баратынымды айттым. Ол таңқалды. Керемет мүмкіндік беріліп тұрғанда ауылшаруашылық саласын не себепті таңдап тұрғанымды түсіне алмай, көндірмекші болды. Бірақ мен әуелгі мақсатыма жетуді көздедім, – дейді ол.

Осылайша, Нұрболат Малсақбаев әскерден кейін Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына агрономия факультетіне түседі. Оқуда жердің жайын, егіннің бабын табуды үйреніп, агрономия саласын бүге-шүгесіне дейін түсініп, дипломын алады. Еңбек жолын ауылшаруашылығы басқармасының бағыттауымен «Урожайный» кеңшарында бригада агрономы болып бастады. Сол жерде ұзақ жылдар еңбек еткен әріптестерінен өз мамандығының қыр-сырын үйреніп, кәсібіне тәжірибе жүзінде кірісті.

Араға екі жыл салып, «Ярослав» кеңшарында ғылыми жұмыстар бойынша агроном қызметін атқарады. Тәжірибе жасауға арналған егістікте ғылыми жұмыстарды жүргізді. Бір жылдан кейін ғылыми ұйым жабылып, тұқым өсірушы қызметіне ауысады. Осы міндетті жалғыз атқарып, бүтін бір облыстағы егін шаруашылығымен айналысатын кеңшарларды тұқыммен қамтамасыз етіп отырды. Сол жылдардағы жұмысы жайында: «Кеңшарда астық тұқымдарын қабылдап алып, әрқайсын егінге жарамды не жарамсызға бөліп, саралайтынмын. Егер жарамды болса, «себуге болады» деген белгі қойып, басқа кеңшарларға дайындап қоятынмын», – дейді агроном.

Қырық мың гектар жерге лайықталған тұқымды бір ғана адамның саралауы мүмкін еместей көрінгенімен, ол бұл қызметін де қал-қадірінше абыроймен атқарып, екі жылдан кейін сатып алу кеңсесіне орналасады. Алайда тағы да екі жыл өте кеңсе жабылып қалғандықтан, жұмыссыз қалады. Бірақ «әр нәрсенің бір қайыры бар» демекші, бұл сәтсіздік оның кәсіп бастауына жол ашты.

 – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ел экономикасы дағдарысқа ұшырады. Ұжымшарлар жабылып, азаматтар жұмыссыз қалды. Не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Бірақ жан-жақты ойланып, өз шаруашылығымды ашуға бел будым. Мемлекетіміз құрылған алғашқы жылдардан бастап-ақ шаруаларға көмек беруге мән берілді. Шаруашылық ашуға ынталы азаматтарға отбасындағы әр адам үшін жер берілді. Мен өзіме, әйеліме, балаларыма тиесілі жерді алдым. Барлығы  100 гектарды құрайтын егістік алқабы берілді. Сонымен қоса тұқымды да мемлекеттен алу мүмкіндігі болды. Мен мемлекеттен 10 тонна тұқым алып, бір жылдан кейін 20 тонна қайтарып беруге келісімшартқа отырдым. Сол жылы несие алып, қажет құрылғыларды алып келдім. Жұмыс жасауға қасыма інімді шақырдым. Екеуміз таңнан қара кешке дейін еңбек ететінбіз. Астықты жинау уақыты келгенде белгілі кәсіпкер Марғұлан Сисембайдың «Симар» фирмасымен келісіп, соған саттық. Ол астықты шет елге экспорттаумен шұғылданатын фирма еді. Нақтырақ айтқанда, өнімді Өзбекстанға жолдайтын. Үл жыл бойы табысты кәсіп жүргіздік. Бірақ содан кейін, 1996-1998 жылдары құрғақшылық болды. Кәсіп тоқтап қалды. Сондықтан мен Әйтеке би ауданынан Хромтау ауданына көшіп келдім. 2000 жылы Абай ауылдық округінен 360 гектар жер алып, шаруашылықты қайтадан қолға алдым. Содан бері ісіміз алға басып келеді. Бүгінде егістік алқабымыз 2200 гектарға жетті. Тұқымды Қостанай қаласынан алып келемін. Алдымен арнайы тәжірибе жасауға арналған кішігірім алқабымда 1-2 тонна ғана егіп,  тұқымды біздің жерге «үйретіп» аламын. Ал техника жайына толқталсақ, оны түрлі мемлекеттік бағдарламарға қатысып, жаңартып тұрамын. Қазір төрт жұмысшым бар. Өнімді «Дән» шаруа қожалығына өткіземіз, – дейді  ол.

Нұрболат Малсақбаев сөз арасында жерді тиімді пайдалану туралы да айтты: «Жерге егін егіп, өнім алған сайын оның құнарлылығы төмендейді. Сондықтан жерді құрғатпауға арналған арнайы технологияларды қолданған маңызды. Ол үшін заман ағымынан қалмай, үнемі білім алып отыру керек. Осы мақсатта мен агрономдарға арналған семинарларға жиі барамын. Себебі менің көздегенім – жерді өз қажетіме ғана қолдану емес, оны дұрыс пайдаланып, келешек ұрпаққа жақсы күйінде тапсыру», – дейді тәжірибелі агроном.

Ол өзінің шаруашылығы орналасқан Тассай ауылын көркейтуге де үлесін қосып келеді.

– Жері шұрайлы, шаруашылыққа қолайлы Тассай ауылы туған жерімдей болып кетті. Уақытымның басым көпшілігі сол ауылда өткендіктен, тұрғындарымен де жақсы араласамын. «Елде болса, еріңе тиер» демекші, кәсібім дамып жатқан ауылға мен де пайдамды тигізгім келді. Сондықтан қазір ауылға газ өткізуге қамданып жатырмын. Ауыл халқымен бірігіп, жолды да дұрыстауға кіріскім келеді, – дейді кәсіпкер.

Нұрболат Малсақбаев – егін шаруашылығы саласының  кәсіби маманы. Өз кәсібін кемеліне жеткізіп орындай білген оның мақсаттары әлі де көп. Ендігі кезекте ол мал шаруашылығын қолға алып, жаңа кәсіп бастауды мақсат етіп отыр.

– Биылдан бастап мал бордақылау алаңын салып жатырмын. Сол жерде 50-60 шақты мал басын ұстасам деймін. Сонымен қоса 200 қазды өсіріп, сатқан болатынмын. Одан кейін құс шаруашылығының табысты кәсіп екеніне көз жеткіздім. Алдағы уақытта 2000 қаз өсірмекшімін, – дейді ол.

Ж. Өтеулі

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ