28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Алдымен аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов «Хромтау» газетінің ұжымы мен аудан аумағындағы өндірістік компаниялардың баспасөз хатшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шарада сөз алған аудан басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін атап өтіп, қалам иелеріне шығармашылық табыстар тіледі.
– Аудан өмірі мен тынысын, маңызды оқиғалар мен құбылысын қатар зерделеп, қоғамдық пікірді қалыптастыруда, сындарлы саясатты жүргізуде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Биыл мемлекет басшысы «Қазақ» газетінің тұңғыш баспадан шыққан күнін – Ұлттық басылым күні деп айрықша белгілеп, мерзімді баспасөздің маңызын айқындап берді. Нақты деректер мен халықтың үнін атқамінерлерге жеткізетін көпірдің діңгегі қалың. Осы орайда, заман талабына сай ақпарат ағымына ілесіп келе жатқан сіздердің еңбектеріңіз еленуі тиіс, – деді ол.
Шара барысында кәсіби мереке иелеріне арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етіліп, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Одан әрі мерекелік марапат облыс орталығында өз жалғасын тапты. Мереке иелеріне арналған салтанатты шарада «Хромтау» газетінің директор-редакторы Қуандық Реймов облыс әкімі Асхат Шахаровтың сыйақысын алды. Сонымен қатар мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында ұйымдастырылған спорттық сайыстарда газет тілшісі Алмат Зейнолла «Меншікті тілшілер және аудандар» құрамасының сапында үздік нәтиже көрсетіп, волейболдан кубок иегері атанды.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА